Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Сыбайлас жемқорлық – барша қоғамның жауы» тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл іс-шараның басты мақсаты тұрғындардың, әсіресе жастардың санасына адалдық пен әділдік құндылықтарын сіңіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру еді.
Ауылдың белсенді жастары ауыл азаматтарына сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, мұндай келеңсіз құбылыстың ел дамуына кері әсер ететіні, әділдіктің бұзылуына әкелетіні және халықтың мемлекетке деген сенімін әлсірететіні айтылды. Түсіндіру парақшаларын таратып, жастарға адал еңбек ету, заң талаптарын сақтау, әділ болу сияқты қағидаттардың маңыздылығын түсіндірді. Ұйымдастырушылар әрбір азаматтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы – ортақ міндет екенін атап өтті.
Іс-шара барысында нақты мысалдар келтіріліп, парақорлық пен заң бұзушылықтың соңы жауапкершілікке әкелетіні ескертілді. Жастар өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Мұндай тәрбиелік мәні зор кездесулер жас буынның дұрыс бағытта қалыптасуына, олардың бойында адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін нығайтуға ықпал етеді. Себебі, адал қоғам – жарқын болашақтың кепілі.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


