Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылдық округінде «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау мақсатында мешіт жамағатының қатысуымен «Заң мен тәртіп – қауіпсіз ел үшін» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіру және қоғамдық тәртіпті нығайту болды.
Ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары мен ауыл имамы қатысушыларға заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі орнын кеңінен түсіндірді. Әсіресе, әр азаматтың заңға бағынуы – елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің басты кепілі екені айтылды. Сонымен қатар, қоғамдық орындардағы тәртіп, өзара сыйластық, бірлік пен жауапкершілік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Дөңгелек үстел ашық форматта өтіп, жамағат мүшелері өз ойларын ортаға салды. Құқықбұзушылықтың алдын алу, жастар тәрбиесі және қоғамдағы тәртіпті сақтау жолдары талқыланды. Мұндай кездесулер халықтың құқықтық сауатын арттырып, тәртіпке деген көзқарасын нығайтуға ықпал ететіні айтылды.
Іс-шара соңында ауыл ақсақалы Еркін Жанғазиев: «Заң мен тәртіп – кез келген елдің тірегі. Егер әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заңды құрметтесе, қоғамда тәртіп те, тыныштық та болады. Әсіресе, жастарға дұрыс бағыт беру – біздің ортақ міндетіміз», – дедей келе осындай келелі кездесу өткізіп, ел болашағына, жастардың ертеңіне бей-жай қарамай отырған ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


