Ұйғыр ауданы Шарын ауылында бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында «Терроризм – адамзатқа қарсы қылмыс» атты кездесу өтті. Шарын ауылдық округі әкімі аппараты жанындағы жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Зухра Генякова ұйымдастырған іс-шараға ауыл имамы, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жастар арасында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, оның қоғамға тигізер зияны мен қауіпті салдарын түсіндіру, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған кездесудің пайдалы тұсы көп болды. Атап айтсақ, жиында қатысушыларға экстремистік ағымдардың белгілері, олардың арбау тәсілдері және мұндай теріс идеологиялардың жеке адам мен қоғам өміріне тигізетін зияны туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, жастарға күмәнді ақпараттардан сақ болу, интернет кеңістігінде қауіпсіздік шараларын сақтау және заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігі түсіндірілді. Ауыл имамы әсіресе жастардың осындай күмәнді дүниелерден алшақ жүруін қадап айтып, ата-аналар да жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесіне бей-жай қарамай, қадағалауы қажеттігін айтып өтті.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, жастар өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Мұндай іс-шаралар жастардың санасын теріс ағымдардан қорғап, олардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.


