Перейти к содержимому
Главная страница » Медиация – бірлік пен ынтымақтың дәнекері

Медиация – бірлік пен ынтымақтың дәнекері

Ұйғыр ауданы Тасқарасу ауылдық округі әкімшілігінің ғимаратында «Медиация – бірлік пен ынтымақтың дәнекері» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.

Кездесудің негізгі өзегі «дау туындаса, оны ушықтырмай, қалай келісіммен шешуге болады?» деген маңызды сұрақ төңірегінде өрбіді. Қоғамдық медиатор Саян Шағалақов медиацияның мәнін заң тілімен емес, өмірден алынған мысалдар арқылы түсіндіріп, оның адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қалудағы рөліне тоқталды. Оның айтуынша, кейде бір ауыз дұрыс сөз немесе сабырлы келіссөз үлкен даудың алдын алуға жеткілікті.

Кездесу барысында қатысушылар да бей-жай қалмай, өз ойларын ортаға салды. Кейбірі күнделікті тұрмыста кездесетін келіспеушіліктерді қалай шешуге болатынын сұраса, енді бірі медиатор көмегіне жүгіну жолдарына қызығушылық танытты. Осындай еркін пікір алмасу жиынның жандануына себеп болып, әр адамның тақырыпқа деген көзқарасын кеңейтті.

Жиын соңында медиация тек құқықтық құрал ғана емес, адамдарды жақындастыратын, өзара сыйластықты сақтайтын маңызды көпір екені ерекше атап өтілді. Тұрғындар тарапы да мұндай кездесулердің қажет екенін айтып, дау-дамайды ушықтырмай, келісіммен шешудің мәдениетін қалыптастыру – әрқайсысымызға ортақ міндет деген ой түйді.