Ағымдағы жылдың 16 шілде күні Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы Әл-Фараби атындағы аудандық кітапхананың мәжіліс залында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға белсенді жастар, заңгер мамандар, мемлекеттік мекемелерге жаңадан жұмысқа орналасып жатқан жас мемлекеттік қызметкерлер және қоғамдық келісім орталығының өкілдері қатысты. Жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақжол Ташкенов жүргізіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде қоғамда адалдық қағидаларын нығайту, әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру және жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу, олардың жолын кесу, мұндай фактілер орын алған жағдайда жедел түрде хабарлау тетіктері кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар өзара пікір алмасып, нақты мысалдар келтіре отырып, бұл індетпен күрестегі ортақ жауапкершіліктің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар беріліп, қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Кездесу ашық әрі еркін форматта өтіп, әр қатысушының пікір білдіруіне мүмкіндік берді. Мұндай басқосулар қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы берік ұстаным қалыптастыруға өз үлесін қосары сөзсіз.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ


