Алматы қаласында агломерацияны дамытуға арналған жиын өтті. Кеңеске Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев және жауапты басқарма басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты. Онда газдандыру қарқынын арттыру, көмір базаларын көшіру, қала маңындағы қоғамдық көлік қатынасын дамыту, сондай-ақ қала шекарасына жақын аумақтарда мектептер салу жайы талқыланды.
Жиында қарастырылған негізгі мәселенің бірі Қарасай, Іле және Талғар аудандары тұрғындарын табиғи газбен қамту болды. Инженерлік инфрақұрылымды дамытумен қатар, магистральдық желілерді салумен шектелмей, тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне қосуды жеделдетудің маңызы атап өтілді. Осы мақсатта облыс әкімдігі халық үшін қолайлы қаржыландыру тетігін әзірлеп, елдімекен ішіндегі газ желілерінің құрылысын жеделдетіп, қажетті рәсімдерді жеңілдетеді.
Кеңесте Алматы қаласындағы көмір базаларын Алматы облысының аумағына көшіру басты міндеттердің бірі екені сөз болды. Бүгінде Алматы қаласында бес көмір базасы жұмыс істейді. 2025–2026 жылғы жылыту маусымында бұл базалар арқылы шамамен 129 мың тонна көмір сатылған. Оның 85 пайызы Алматы облысының тұрғындарына жеткізілген. Көмір базаларын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) маңына кезең-кезеңімен көшіру ұсынылды. Жоба қала бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жер телімдерін сатып алу және жобалық құжаттаманы жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.
Қала маңындағы жолаушылар тасымалы мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Алматы агломерациясында 58 автобус бағыты жұмыс істейді. Олар күн сайын 120-дан астам елдімекендегі 260 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды. Сонымен бірге агломерация тұрғындарының едәуір бөлігі қоғамдық көліктің жеткіліксіздігіне байланысты жеке тасымалдаушылардың қызметіне жүгінуге мәжбүр. Соның салдарынан Алматы қаласына күн сайын 200 мыңнан астам автокөлік кіреді. Осыған байланысты қоғамдық көлік бағытын көбейту, олардың тиімділігін арттыру және тасымал сапасын жақсарту мәселесі қаралды.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Абай, Рысқұлов даңғылдары мен Сайын көшесін ұзарту арқылы ҮАААЖ-ға қосылатын жолдарды қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Бұл – басым міндеттердің бірі. Қолданыстағы жолдарға түсетін жүктемені азайтып, транзиттік көліктің қала аумағын айналып өтуін қамтамасыз етуіміз және автокөліктің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін төмендетуіміз керек. Қажетті қаржы бөлінген, жұмыс көлемі айқындалған. Жауапты мамандар жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев агломерация халқының саны тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап өтті.
«Осыған байланысты мектептер салуға арналған жер учаскелерін алдын ала анықтау, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және құрылыс жұмыстарын жедел бастау ерекше маңызды. Сонымен қатар қала маңындағы жолаушылар тасымалы Алматы агломерациясы тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі болып қала береді. Күн сайын облыстың ондаған мың тұрғыны Алматыға қатынайды. Сондықтан қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету – басты назарда. Біздің мақсатымыз – әкімшілік шекараларға қарамастан, агломерация тұрғындары үшін бірыңғай, қолайлы әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастыру», – деді Марат Елеусізұлы.
Гүлзат БАЙҚОНЫС


