Биыл қазақ халқының Ресей империясының отарлық саясатына қарсы шыққан 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне 110 жыл толып отыр. 1916 жылғы 25 маусымда Ресей патшасы ІІ Николай Қазақстан мен Орта Азияның бұратана халықтарының 19 бен 43 жастың аралығындағы азаматтарын Бірінші дүниежүзілік соғыс майданының тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлық шығарды. Ешқандай даярлықсыз, арандатушылық тұрғыдан шығарылған бұл жарлық Ресей отарындағы халықтардың ішінде алғаш наразылық тудырып, кейінірек ол наразылық ұйымдасқан қарулы көтеріліске ұласты. Көтеріліс Орта Азия мен Қазақстанның өңірлерінде 1916 жылдың шілде айының бастапқы күндерінде басталды. Оның ішінде Алатау өлкесі көтерілістің ірі ошақтарының бірі болды.
Көтеріліс тарихы туралы осы уақытқа дейін көптеген зерттеу жүргізілді, ғылыми еңбектер мен мақалалар жарияланды. Бірақ соған қарамастан бұл мәселе зерттеушілердің назарынан бір сәтке түскен емес. Олардың ішінде көтерілістің шығу себептері, барысы, көтерілісшілерді жазалау операцияларының салдарына атамекенін тастап көшіп кетуге мәжбүр болған қазақ пен қырғыз халықтарының тағдыры, шиеленіскен ұлтаралық қатынас, тағы басқа да мәселелер баршылық. Сондай-ақ көтеріліске басшы болған тұлғалардың қызметі мен тағдыры да әлі күнге дейін жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Олардың ішінде Кеген-Қарқара өңіріндегі 1916 жылғы көтеріліске жетекшілік жасаған тұлғалардың бірі, кеңестік билік тұсында 1930 жылы репрессияға ұшырап, жер аударылып кеткен Жайшыбек Бектенов туралы да зерттеу жүргізілмеді. Осы уақытқа дейін оның есімі ескерусіз қалып келеді.
Жайшыбек Бектенов туралы бірқатар архив құжатын тапқан едік, енді сол тарихи деректер негізінде оның өмір кезеңдеріне талдау жасап көрелік. Жайшыбек Бектенов – белгілі би, Кеген-Қарқара өңіріндегі 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі болған тұлға. 1916 жылғы көтеріліске қатысты тергеу материалдарындағы мәліметтерінде Ж.Бектенов Жаркент уезі Кеген болыстығының 1-ауылында дүниеге келген деп көрсетіледі. Оның туған жылына байланысты екі түрлі дерек бар. Мысалы, 1916 жылдың 26 шілдесінде Верный әскери округтік сотының Жаркент уезі 4-учаскелік Мировой судьясына көтеріліске байланысты тергеуде толтырылған хаттамада оның жасы 54-те деп беріледі. Егер бұл дерекке сүйенсек, онда ол кісі 1862 жылы туған болып шығады. Келесі дерек ол кісінің екінші рет Кеңес өкіметі тұсында 1930 жылы ОГПУ органдары тарапынан дәулетті топтың өкілі ретінде тұтқындалып, 29 қарашада тергеуге түскен кезінде толтырылған анкеталық мәлімет. Ол жерде жасы 69 деп жазылған. Ол мәліметке сүйенсек, оның туған жылы 1861 жыл болып шығады. Біздіңше, Ж.Бектенов атамыздың туған жылы 1862 жыл болу керек. Олай дейтініміз, 1916 жылы тергеуге берген куәлігінде ол кісі ел ісіне араласып, еркіндеу жүрген шағында және өзінің жасын нақтырақ білетін уақытта дұрыс айтқан деп ойлаймыз. Ал 1930 жылғы мәліметтерде ол кісінің егде тартып, ел билігінен алыстаңқырап қалған кезі және кеңестік биліктің келеңсіз саясатынан, ОГПУ (Біріккен бас саяси басқарма) тергеушілерінен теперіш көріп, жасқанып, жасы қаншаға келгенінен, туған жылынан шатасып, дұрыс айтпауы мүмкін немесе қағаз толтырған тергеушілер дұрыс толтырмауы да ғажап емес. Туған жеріне қатысты 1916 жылдың 26 шілдесінде Верный әскери округтік сотының Жаркент уезі 4-учаскелік Мировой судьясының тергеу хаттамасында Жаркент уезі Кеген болыстығының 1-ауылы деп жазылған. Ал 1930 жылы «ОГПУ» тергеушілерінің толтырған анкеталық мәліметтерінде тұратын жеріне қатысты сұраққа Қурайлы деген жер деп көрсетіледі. Ал туған жері деген сұраққа Қулық ауылының Темірлік деген жері деп көрсетілген.
Тарихи деректермен таныса отырып, Жайшыбек Бектеновтің Ресей империясының отарлық билігі жағдайында 1916 жылғы көтеріліс кезінде және Кеңес өкіметі тұсында да қудалауға түскенін байқаймыз. Енді неге олай болды деген мәселелерге тоқталайық. Жайшыбек Бектенов ер жетіп, ел билігіне араласқан кезінде Жаркент уезі құрамындағы Кеген болыстығының 2-ауылында би болған. Архив құжаттарында 1898-1900 жылдары Бектенов Жайшыбек 37 жасында Кеген болыстығының биі болып сайланды деп көрсетіледі. Кейін 1909 жылға дейін бірнеше рет би болып сайланған. Осы кезеңде елдің ісіне белсене араласқан Жайшыбек Бектенов әділ би, танымал тұлға ретінде ел арасында белгілі болған. Оның ел мүддесін қорғаған ел ағасы екені, қайраткерлік тұлғасы Жетісу облысындағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тұсында анық байқалады. Ал әйгілі патша жарлығы көтерілістің шығуына тек түрткі болған, ал оның негізгі себептері арыда жатқан болатын. Жарлықты іске асыру барысында Алматы өңірінен майданның қара жұмысына алынатын адамдардың тізімі жасала бастағанда халық оған алғаш наразылық білдіріп, кейін өлкенің әртүрлі ауданында стихиялық бас көтерулер ұйымдасқан қарулы көтеріліске ұласты.
Жайшыбек Бектенов те қарсылық көрсетіп, көтеріліске шыққандардың қатарында болып, белсенді араласады. Кеген болыстығынан майданның қара жұмысына алынатын жігіттердің тізімін тіркеп жазып отырған Т.Голотенконың Жаркент уезінің 4-учаскесінің Мировой судьясына көтеріліске байланысты 1916 жылдың 20 шілдесінде тергеуде берген жауабында оның үйіне 20 шақты адам келіп, жасалған тізімді беруді талап еткен. Олардың қатарында Кеген болысының басқарушысы Ауғанбай Бектенов, оның бауыры Жайшыбек Бектенов болған. Жайшыбек келіп, Голотенкодан тізімді беруді талап еткен. Одан соң жиналғандар тізімді тартып алып жыртып тастағанын айтады. Кеген-Қарқара өңіріндегі 1916 жылғы көтеріліс куәгерлері Алдаберген Қойшыбеков, Әубәкір Сұлтанбековтың 1936 жылы айтқан естелік-деректерінде де Жайшыбек Бектенов 1916 жылғы Қарқара өңіріндегі көтеріліске белсенді араласып, жетекшілік жасағандардың бірі болғаны туралы жазылады.
Иванов болыстығының қазағы Жұмабай Жиенбаевтың Мировой судьясына көтеріліске байланысты 1916 жылдың 21 шілдесінде тергеуде берген жауабында Құрман болыстығының қазағы Ұзақ Саурықовтың үйінде тылдың қара жұмысына жігіт беру-бермеуге байланысты 10 шілде күні кешкісін өткен мәжілісте Жайшыбек Бектеновтің да болғанын айтады. Кейін көтерілісті ұйымдастырғандар деп айыпталған 17 адамның қатарында Жайшыбек Бектенов те тұтқындалып, Пржевальскідегі (қазіргі Қырғыз Республикасының Қарақол қаласы) түрмеге айдалады. Патша жендеттері Қарақолдың түрмесіне қамалғандардың бәрін өлтірмек болып, түрменің есігі мен терезесінен атқылайды. Осы кезде Ж.Бектенов түрменің есігін бұзып шығуға ұмтылып, түрменің есігін сындырады. Ел арасында сақталған естелік әңгімелерге қарағанда ол кісі еңгезердей ірі адам болған, ел аралап, ары-бері қос ат жетектетіп, кезектеп мініп жүреді екен. Қарақол түрмесіндегі қырғыннан 4 адам аман қалады, оның бірі – Жайшыбек Бектенов. Кейінірек ол қайта ұсталып, Жаркент түрмесіне жабылған.
Жайшыбектің баласы Сәметжан Мировой судьясы Смирновқа 1917 жылдың 27 ақпанында жазған өтініш хатында әкесі Жайшыбек Бектеновтің көтеріліске қатысты деп айыпталып, қазіргі кезде түрмеде отырғандықтан онымен көрісуге рұқсат сұрап, егер рұқсат болған жағдайда Кеген болысы арқылы куәлік жіберуді өтінеді.
1917 жылы Ресейде болған Ақпан төңкерісінде патша тақтан құлатылған соң, Уақытша өкімет құрылып, ол наурыз айында көтерілісшілерге кешірім (амнистия) жариялайды. Осыған сәйкес прокурорлық қадағалау қорытындысы негізінде Жайшыбек Бектенов Жаркент уездік сотының шешімімен 1917 жылдың 6 мамырында түрмеден босатылады. Ол кісінің 1917 жылғы қоғамдық-саяси өзгерістер тұсындағы, Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңдегі өміріне қатысты деректер әзірге аздау. Бізге белгілі деректердің бірі – Қазақстанда 1926 жылы көтерілістің 10 жылдығы аталып өткен кезде Ж.Бектенов Қарқарадағы Ереуілтөбеге көтерілісшілерді еске алуға арнап белгі қою ісіне белсене араласуы. 1920-30 жылдары Кеңес өкіметі әлеуметтік-саяси реформаларды іске асырған болатын. Олардың бірі – Қазақ орталық атқару комитеті мен Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» қаулысы. Осы қаулыға сәйкес Жайшыбек Бектенов дәулетті топтың өкілі ретінде тағы да қудалауға түсіп, репрессияланған еді. Оны 1930 жылдың 20 желтоқсанында ОГПУ тұтқындайды. Онымен бірге баласы Мамырхан Жайшыбеков, күйеубаласы Әбділда Сыпатаев қамауға алынады. Олар «Патшалық Ресей заманында 9 жыл би қызметін атқарған. Оның күйеубаласы Әбділда Сыпатаев кеңестік билікке қарсылық көрсеткен Көкімет Баялиевпен байланыс жасаған. 1927 жылы ауылдық кеңес сайлауына қарсы болды. Салық төлеуден бас тартты. 1930 жылы өңірдегі халықты Қытай аумағына көшіп кетуге үгіттеп, жасырын жиын өткізді» деген айыптар тағылған. Осы тағылған айыптардың негізінде сол кезде қолданыста болған РСФСР Қылмыстық кодексінің 79-бабының 1-тармағы, 58-бабының 8 және 10-тармақтарында көрсетілген қылмыстарды жасаған деп тұтқынға алынып, мал-мүліктері тәркіленген. ОГПУ үштігінің 1931 жылы 6 қаңтардағы шешімімен Жайшыбек Бектенов – 3 жылға, баласы Мамырхан – 5 жылға, күйеубаласы Әбділда Сыпатаев 3 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын еңбекпен түзеу лагерінде өтеуге жіберіледі. 1930 жылғы тергеу материалдарының ішінде олардың Солтүстік Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерінде болғаны туралы анықтама бар. Лагерьге түскеннен кейінгі тағдырлары белгісіз. Ж.Бектеновтің жиен немере қызы Күләш апай Бекованың айтуына қарағанда, Жайшыбеков Мамырхан концлагерде жүрген кезінде соғыс басталып, оны соғысқа алып кеткен. Ол туралы Күләш апай: «Мамырхан атам түрмеде жатқанда соғыс басталып кетеді, сол соғысқа Мамырхан атамды түрмеден жіберген екен, соғыстан аман-есен келеді. Бірақ жаралы болып оралған. Келіп үйленіп, Шонжыда тұрдық. Кейін Ұлы Отан соғысында алған жарақаттан қайтыс болды ғой», – деп еске алады.
Жайшыбек Бектенов, Мамырхан Жайшыбеков және Әбділда Сыпатаев ҚР 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына сәйкес Алматы облыстық прокуратурасының 1999 жылы 30 қазандағы қорытындысы бойынша ақталған. Патшалық Ресейдің отарлық жүйесі кезінде би болған, ел мүддесі таразыға түскенде отарлық жүйеге қарсы тұрып, көтеріліске шығып түрмеге жабылған және Кеңес өкіметі тұсында да қудалауға түскен Жайшыбек Бектенов ұлттың бірегейлігін сақтау жолында құрбан болған қайраткер тұлғалардың бірі деп айтуға негіз бар. Тарихи деректерге қарағанда оның ұрпақтары да кеңестік биліктің жүргізген солақай саясатының құрбаны болып, көп қиындық көрген. Өткен тарихымызда күрделі заманның қиындақтарын көріп, отарлық жүйенің озбыр саясатынан зардап шеккен мұндай әулеттер аз емес.
Жайшыбек Бектенов сияқты дәулетті топ өкілдері ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізгі тірегі, ұйытқысы болатын. Сондықтан да, кеңестік саясат қоғамды байлар және кедейлер деп екі тапқа бөліп, бір-біріне қарсы қойды. Елдің тарихи жадын адастырып, алдап келді. Қазақ елі егемендік алған соң ғана біз өз тарихымызды өзіміз жаңаша зерттеп жаза бастадық. Осы тұрғыдан қазіргі қазақ қоғамы Тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат екенін дұрыс түсінуі қажет. Өкінішке қарай, Жайшыбек Бектенов сияқты тұлғаны есте сақтап, өскелең ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында оның атына берілген көше, елдімекен атауы жоқ. Оның жиен немере қызы Күләш апай Алматы қаласы әкімдігіне көше атауын беру туралы 2022 жылы өтініш берген екен, бірақ әлі күнге еш нәтиже шықпаған. Егер алдағы уақытта ол кісінің атына Алматы қаласынан немесе Алматы облысының Кеген ауданынан көше немесе елдімекен, тағы басқа да атаулар берілсе орынды болар еді демекпіз.
Шамек ТІЛЕУБАЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор


