Есірткіге тәуелділік – адам денсаулығына ғана емес, қоғамның қауіпсіздігі мен елдің болашағына қауіп төндіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Ол адамның өмірін түбегейлі өзгертіп, білім алуына, еңбек етуіне және қоғамда өз орнын табуына кедергі келтіреді. Сондықтан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес пен оның алдын алу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Соңғы жылдары синтетикалық есірткінің таралуы ерекше алаңдаушылық туғызуда. Мұндай заттар адамның жүйке жүйесіне тез әсер етіп, қысқа уақыт ішінде тәуелділік қалыптастыруы мүмкін. Сонымен қатар олар адамның психикасына кері әсер етіп, ауыр сырқаттарға, қайғылы оқиғаларға және қылмысқа итермелеуі ықтимал.
Есірткінің алдын алуда отбасының, білім беру ұйымдарының және қоғамның рөлі ерекше. Балалар мен жастарға зиянды әдеттердің салдарын түсіндіру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау және салауатты өмір салтын насихаттау – тәуелділіктің алдын алудың тиімді жолдары.
Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Құқық қорғау органдары есірткі өндіру, сақтау, тасымалдау және таратумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтап, олардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар халық арасында профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты өткізіліп келеді.
Есірткіге қарсы күрес – әрбір азаматтың азаматтық ұстанымын талап етеді. Заңсыз әрекеттерге бейжай қарамай, өз денсаулығы мен жақындарының амандығын қорғау – қоғам алдындағы маңызды жауапкершілік. Салауатты өмір салтын таңдау – қауіпсіз әрі жарқын болашақтың кепілі.


