Перейти к содержимому
Главная страница » Мал саулығын сақтаған

Мал саулығын сақтаған

Айналасы Аспантаумен көмкерілген Райымбек ауданына биыл 90 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында киелі өңір талай кезеңді, тар жол, тайғақ кешуді артқа тастап, даму жолына түсті. Оны ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіндегі жетістіктерден аңғаруға болады. Әрине, толайым табыс, ырыс пен береке өздігінен келе салған жоқ. Іскер басшы, майталман мамандар мен қарапайым еңбек адамдарының табан ет, маңдай тері арқылы қаланды. Солардың қатарында білімі мен білігін мал шаруашылығының өркендеуіне арнаған Әбдікерім Ыбырайымов та бар.

Әбдікерім Айдарұлы – тоғыз жолдың торабындағы Текес ауылының тумасы. 1977 жылы Текес орта мектебін озаттар қатарында бітірді. Бірақ білімін жалғастыру үшін Алматыға тұра жөнелген жоқ. Көзін төрт түлік малмен ашқан жасөспірімнің болашақта мал шаруашылығы маманы болу арманы ақтылы қойдың қыр-сырын терең меңгеру үшін басы-қасынан табылуға жетеледі. Сөйтіп, 1975 жылы құрылған «Тегістік» қой кеңшарының шопаны, әкесі Айдарға көмекші болып, алғашқы еңбек жолын бастады. 1978 жылы олардың саулық отары төл алу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізуге Әбдікерімнің де қосқан үлесі зор болғаны анық.
Осынау жетістік еңбекқор азаматтың кеңшар дирекциясының арнайы жолдамасымен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсуіне жол ашты. 1983 жылы ветеринариялық дәрігер мамандығын алып, еңбек жолын «Тегістік» кеңшарында бөлімшенің мал дәрігері болып бастады. Жас маман әр еңбек күнін ізденіске, алған білімін іс жүзінде жетілдіруге арнады. Бұған дәлелді көптеп келтіруге болады. Бір жылы шаруашылықтың Сырт жайлауындағы қой отарынан белгісіз індет шығып, шығын көбейе бастайды. Жас маман жайлауға жедел жетіп, отардың клиникалық белгілерінен індет түрін зертханалық тексеру жүргізбей-ақ болжай біледі. Шұғыл түрде кеңшар орталығынан препараттар мен дәрілер жеткізіп, жедел емдеу шараларын жүргізеді. Сөйтіп, төтеннен келген індеттің жойылуына себепші болады. Жас маманның іскерлігін аңғара білген сол тұстағы Нарынқол ауданының бас мал дәрігері Жақан Сағатбаев 1988 жылы аудандық ветеринариялық стансаға қызметке шақырып, зертхананың бактериялық жұқпалы аурулар бөліміне меңгерушілікке тағайындайды. Әбдікерім жаңа жұмысында да жауапкершілігімен ортасына жақсы көзқарас қалыптастырды. Төрт түліктің жұқпалы ауруларын зерттейтін бактериология бөлімін биосынамалар жасайтын тауарлармен, биоматериалдармен толықтырып, зерттеу жұмысын жоғары деңгейге жеткізді. Сонымен қатар үй жануарлары арасындағы паразитарлық ауруларды анықтау мен базардағы ет, сүт өнімдерін ветеринариялық-санитарлық сараптау жұмыстарын да жолға қойды. Мамандығы мен міндеті, жұмысына деген жоғары жауапкершілігінің нәтижесінде Әбдікерім Ыбырайымов 1993 жылы ауданның бас ветеринария дәрігерінің орынбасары қызметіне тағайындалды. 90-жылдардағы ұжымшар, кеңшарды жекешелендіру саясаты ветеринария саласын да дағдарысқа ұшыратқаны белгілі. Кеңес одағы кезіндегі ветеринариялық заңнама қолданыстан шығып қалды. Соның салдарынан малдәрігерлік қызметі қандай ережемен жұмыс істерін білмей дағдарды. Сол кезде білікті маман атана бастаған Әбдікерім ауданның бас ветеринариялық дәрігері Ғазен Көштібаевпен ақылдасып, аудандағы ветеринариялық қызметтің уақытша ережесін жасады. Оны аудандық мәслихатта мақұлдатып, осы ереже бойынша тұралап қалған малдәрігерлік жұмыс қайта жанданғанын айтуға тиіспіз.
1997 жылы ауданның көрші ауданға қосылуы бұл салаға да аз қиындық әкелмегені белгілі. Ветеринариялық станса мен зертхана жұмыстары тоқтатылып, барлық қызмет түрі Кегенге көшуі тиіс болды. Осынау қиындықтан шығуда Әбдікерімнің білім-білігі өз нәтижесін берді. Нарынқол өңіріндегі төрт түлік саны Кегеннен әлдеқайда көп екендігі, ауылдардың аудан орталығынан қашықтығы 100 шақырымнан асатыны, мұндай жағдайда бруцеллез және басқа жұқпалы аурулардан алынған сынамаларды тасымалдау қиындық тудыратыны, көп шығынды қажет ететіні зерттеліп-зерделеніп, маңызды мәселе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен ветеринариялық басқармаға жеткізілді. Нарынқол ауылындағы ветеринариялық зертхананы өңірлік зертхана ретінде бұрынғы орнында қалдыру жөнінде ұсыныс енгізілді. Айтылған ұсыныстарда келтірілген жайттар толығымен дәлелденіп, зертхана өңірде қалды. Оның өз мамандығына деген жауапкершілігі, іскерлігі мен табандылығы нәтижесінде аудан қайта қалпына келтірілгенге дейінгі аралықта Нарынқол өңірінің ветеринарлары нәтижелі жұмыстарға қол жеткізді.
Әбдікерімнің ұйытқы болуымен жүйесін тапқан тағы бір мәселені айтпай кетуге болмас. 1975 жылы салынған аудан орталығындағы ветеринариялық зертхана ғимараты күрделі жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен еді. Төбесінен су өтіп, керегелері қақырап, жұмыс істеуге айтарлықтай қиындық тудырған. Ескі ғимаратты жаңартуға қаражат қолбайлау болды. Осыған байланысты Әбдікерімнің басшылығымен жекешелендірудің салдарынан жұмысын тоқтатқан зооветеринариялық жабдықтау мекемесінің ғимаратын жұмысқа пайдалану үшін облыс деңгейіндегі сала басшыларына сұрау салынды. Бұл жолы да нақты дәлелденген ұсыныс мақұлданып, ғимарат арзан бағамен сатып алынды. Сөйтіп, өзекті мәселе оңтайлы шешімін тапты. Бүгінде зейнеткер атанып, еңбегінің зейнетін көріп отырған Әбекең осы уақыт аралығында әріптестеріне үлгі, жастарға ақылшы бола білді. Сондықтан сала мамандарының, әріптестерінің Әбдікерімге айтар алғысы шексіз. Реті келгенде саналы ғұмырын ветеринария жұмысымен тығыз байланыстырып, мамандығының майталманы бола білген Әбдікерім Ыбырайымовтың 2022 жылдан бері Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтымен іскерлік байланыс орнатып, ғылыммен шұғылданып жүргенін де атай кеткен орынды.

Сайлау САЙЛЫБАЕВ,
Райымбек аудандық аумақтық ветеринариялық
инспекция басшысы