Перейти к содержимому
Главная страница » Түйінді мәселегемән берілді

Түйінді мәселегемән берілді

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарына іссапармен барып, тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырған проблемалық нысандарды аралады.

Ең алдымен аймақ басшысы Талғар ауданы Нұра ауылында орналасқан №12 орта мектеп аумағына барды. Мұнда құрылыс жұмысы 4 жылдан бері аяқталар емес. Мердігердің салғырттығынан күрделі жөндеу жұмысы сағызша созылып кетті. Салдарынан мыңға жуық оқушы Мәдениет үйінде, әкімдік ғимаратында және көрші ауылдағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болған.
Бұл мектеп 1969 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Құрылыс жұмысын бастапқыда «Sheberbuld» ЖШС жүргізген. Кейін компания жосықсыз деп танылып, өткен жылдың қыркүйегінде нысан «Еңбек Өскемен» ЖШС-на тапсырылды. Жаңа мердігер мектепті биыл маусым айында пайдалануға беруі тиіс еді. Бірақ құрылыс әлі аяқталмаған. Қазіргі таңда екі мердігердің де ісі сотқа жолданып, айыппұл салынған. Ал «Еңбек Өскемен» ЖШС-ның өкілі алдыңғы мердігердің кем-кетігін түзетеміз деп уақыт жоғалтқандарын алға тартады.
Нысандағы ахуалмен танысқан аймақ басшысы жұмыстың бұлай созбаққа салынуын қатаң сынға алды.
«Еңбек Өскемен» компаниясына сенім артып, ғимаратты тапсырдық. Құрылысқа да, материалдарға да қажетті қаржы толық бөлінген. Оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Ал атқарылған жұмыс көңілге қонымсыз. Бұл мәселені шұғыл шешу керек. Қыркүйекке дейін құрылыс толық аяқталуы тиіс», – деді Марат Елеусізұлы. Сонымен қатар қажет болған жағдайда мердігерді ауыстыру мәселесін қарастырып, экономикалық тергеп-тексеру департаментіне құжаттарды жіберуді тапсырды. Жауапты мемлекеттік органдарға жұмыс барысын күнделікті қадағалап, бұл іске селқос қараған компанияларды қатаң жазалау керегін жеткізді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылауға белсенді қатысуға шақырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Белбұлақ ауылындағы №10 орта мектепке барды. Мұнда күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Дегенмен құрылыс сапасына қатысты бірқатар кемшілік анықталды. Сондай-ақ мектеп айналасындағы қосалқы нысандар жөндеусіз қалған. Ал спорт алаңының құрылысы жүйесіз жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Марат Сұлтанғазиев анықталған кемшілікті қысқа мерзімде ретке келтіруді, мектеп аумағын толық абаттандыруды және барлық инфрақұрылымды талапқа сай жасауды міндеттеді. Білім беру нысандарының сапасы мен қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болу керегін баса айтты.
Келесі нысан Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде жаңадан салынған ауызсу жүйесі болды. Мұнда жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын су құбыры тартылған. Нәтижесінде 800-ден астам абонент орталықтандырылған таза ауызсуға қосылды.
Қолданыстағы су желісі 1975 жылы салынған. Бүгінде құбырдың 95 пайызының тозығы жеткен. Осыған байланысты «Бесағаш ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылды. Қазір су құбыры әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жеткізілген. Ал әрі қарайғы жұмысты тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізеді.
Қазіргі таңда Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде 3800-ден астам халық тұрады. Жаңа су желісі 800-ден астам абонентті таза тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Қалған 3000 үйді сумен қамтып отырған инженерлік желілерді коммуналдық мекеменің теңгеріміне беру шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе бір ай ішінде толық шешімін таппақ.
Облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауызсу барлық абонентке бірдей жетуі тиіс екеніне тоқталды. Сондай-ақ Тұздыбастау ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және жаңадан салу жобасымен танысты. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманың 95 пайызы дайын. Оны толық аяқтау үшін қосымша қаражат қажет.
Тұздыбастау ауылындағы су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 127 шақырымды құрайды. Тұрғындардың шамамен 50 пайызы жергілікті ұңғымалар арқылы ауызсумен қамтылған. Қалған тұрғын ауызсуды «Алматы су» мекемесінен сатып алып, пайдалануда. Сондықтан әзірленіп жатқан жобаның халыққа тигізер пайдасы мол.
Облыс әкіміне Тұздыбастау халқын жарықпен қамту жайы да баяндалды. Қазіргі таңда мұнда 23 мыңнан астам тұрғын бар. Елдімекендегі электр желісінің жалпы ұзындығы – 175,5 шақырым. Бүгінде трансформаторлар қуатының жеткіліксіздігінен жарық жиі сөнетін болған. Сондықтан қосымша екі трансформатор салу жоспарланған. Жоба іске асқаннан кейін қолданыстағы қосалқы стансаның жүктемесі айтарлықтай төмендейді.
Марат Елеусізұлы жобалық-сметалық құжаттаманы тез арада аяқтап, тапсыруды міндеттеді. Сонда бюджеттік өтінім беруге мүмкіндік туады. Сондай-ақ аймақ басшысы халықты сумен және жарықпен қамтамасыз ету үшін барлық жауапты мамандар өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен кірісу керегін айтты.
Ақтас ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 18 шілде күні өрт шығып, жалын 500 шаршы метр аумақты шарпыды. Марат Сұлтанғазиев бұл полигонға да барып, аудан әкімдігі мен төтенше жағдай қызметіне нақты міндеттер жүктеді. Мамандардың айтуынша, жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін 45 қызметкер мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Өрттің таралуына жол бермеу мақсатында жалын жайлаған жерге инертті материалдар төгіліп, Үлкен Алматы каналынан үздіксіз су жеткізілген.
Аталған полигонның жарты бөлігі жекеменшік иесіне тиесілі. Өрт дәл осы аумақта тұтанған. Бірақ меншік иесі әлі табылған жоқ. Ал қалған аумаққа 10 жылдан бері «ECO SERVICE GROUP» ЖШС жауапты. Олар қоқысты қабылдап, сұрыптаумен айналысады. Бірақ компания осы жұмысты дұрыс атқара алмай отыр.
Марат Елеусізұлы мұндай жауапсыздық экологияға қауіп төндіріп, халық денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ меншік иесін тауып, жауапқа тартуды тапсырды.
«Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Себебі бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның жай-күйіне тікелей әсер ететін мәселе. Полигондағы барлық талаптың сақталуын бақылауда ұстау керек. Меншік иесін шұғыл анықтап, заң аясында тиісті жауапкершілікке тарту қажет. Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, жағдай толық бақылауға алынып, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қызметкерлер штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.
Аймақ басшысы табан тіреген соңғы нысан Түрген өзенінде салынып жатқан жаңа көпір болды. Бірнеше апта бұрын толассыз жауған нөсер салдарынан Түрген суы арнасынан тасып, өзен арқылы өтетін көпір шайылып кетті. Бұл нысан 2024 жылы апатты деп танылған. Бүгінде жауапты мердігер анықталып, көпір қайта қалпына келтірілуде. Құрылыс үш ай ішінде аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда мұнда 4 техника жұмыс істеп тұр. 10-нан астам қызметкер еңбек етуде. Көпір құрылысы бір апта бұрын басталған. Демонтаждау жұмысы толық аяқталып, бұрғылау шарасына дайындық жүргізілуде. Мердігердің айтуынша, қараша айында көпір толығымен пайдалануға беріледі.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Талғар, Еңбекшіқазақ
аудандары