Перейти к содержимому
Главная страница » Есімі ел есінде

Есімі ел есінде

Ел басына күн туған сындарлы сәтте қан майданға аттанып, Отан қорғау жолында жан қиған аталарымыздың ерлігі – ұрпаққа өнеге. Кеген ауылындағы алты көшеге Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері – Нұрмұханбет Бегімбетов, Оразша Оңғарбеков, Бекен Сыбантаев, Сәрсенбай Дәуітәлиев, Ибрайымбай Жылгелдиев, Арғынбек Бұланбаевтың есімдері берілді.

Салтанатты шараға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, мәслихат депутаты Ерғали Тәліпов, еңбек ардагерлері – Әлкен Қапалбаев, Рахым Есімбаев, Кеген ауылының әкімі Ернат Ысқақ, аудандық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов, мекеме басшылары, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары қатысты.
– «Ер есімі – ел есінде» демекші, бүгінгі бейбіт өмір – майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Сондық­тан ардагерлер есімін ұлықтау – барша­мыздың азаматтық әрі перзенттік парызымыз. Енді осы көшелермен жүрген жас ұрпақ батыр бабалардың ерлігін еске алып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті жүрегіне сіңіреді деп сенеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков.
Жиналған көпшілік ардагерлердің бейбіт кезеңдегі абыройлы еңбегі мен ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. «Елім деген ерлердің ерлігі жас ұрпақты отаншылдыққа бастайды. Жаңа көшелерге ардагерлер есімі берілгені – құптарлық іс, – деді Әлкен Қапалбаев. Майдангерлердің ұрпақтары – Талғат Арғынбеков, Нұрдәулет Бекенұлы, Гүлжамал Сәрсенбаева аудан әкімдігіне алғыс­тарын білдірді. Кеген ауданының имамы Әзім Сатыбалдыұлы ардагерлер рухына арнап Құран бағыштады.
Бұл игі іс – бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып, жас ұрпаққа елге деген сүйіспеншілік пен отаншылдық рухын дарытатын маңызды қадам болды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы