Отбасы мәселелері, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі бірыңғай мемлекеттік «111» байланыс орталығы Қарасай аудандық Отбасын қолдау орталығы мамандарының үйлесімді әрі кәсіби жұмысын жоғары бағалады. Олардың жедел әрекетінің арқасында суицидтің алдын алып, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасына нақты көмек көрсетілді.
«111» байланыс орталығына Берік есімді азамат хабарласып, ауыр психологиялық күйде екенін айтып, шұғыл түрде психологтың көмегін сұраған. Оның айтуынша, 15 жылдан астам еңбек өтілі бар инженер ретінде тұрғын үй құрылысына қатысты жұмыстарды орындағанымен, жұмыс беруші оған 150 миллион теңге көлеміндегі еңбекақысын төлемеген. Сонымен қатар қосымша келісімдер бойынша орындалған жұмыстардың қабылдау актілеріне қол қойылмаған. Бұған қоса, ол алаяқтық әрекеттеріне байланысты қозғалған қылмыстық істердің аясында да қиын жағдайға тап болған. Соның салдарынан төрт кәмелетке толмаған баласы бар отбасы күнкөріс қаражатынан айырылды. Коммуналдық қызметтер үшін қарыздары жиналып, электр жарығы толықтай өшірілді, су беру қызметін тоқтату қаупі де туындады.
Байланыс орталығының операторы қоңырауды бірден психологқа бағыттап, азаматқа шұғыл психологиялық көмек көрсетілді. Кейін отбасының ауыр жағдайы мен әкенің суицидтік ойлары туралы ақпарат Қарасай аудандық Отбасын қолдау орталығына жедел жолданды.
Орталық басшысы Елена Константинованың жетекшілігімен мамандар отбасына уақытылы кешенді көмек көрсетті. Оның ішінде психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылды.
Ең алдымен мамандар отбасының тұрғылықты мекенжайына барып, олардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайына бағалау жүргізді. Психолог отбасы мүшелерімен жұмыс істеп, үрей мен қорқынышты азайтуға бағытталған психологиялық қолдау көрсетті. Ал орталықтың заңгерлері Беріктің Қазақстан Республикасы Бас прокурорының атына жолдаған ұжымдық өтінішін зерделеп, мердігерден 150 миллион теңгені өндіріп алу туралы азаматтық талап-арызды қатар беруге кеңес берді. Сондай-ақ, салық мәселелері бойынша көмек көрсетіліп, газ және электр энергиясымен қамтамасыз ететін ұйымдарға ресми хаттар жолданды. Соның нәтижесінде төлемдерді кейінге шегеру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, отбасы азық-түлікпен де қамтамасыз етілді.
Осындай жан-жақты әрі нақты ұйымдастырылған шаралардың арқасында азаматқа шынайы қолдау көрсетіліп, жағдайдың одан әрі ушығуына жол берілмеді. Мамандардың сапары мен бірнеше рет өткізілген жеке кездесулердің нәтижесінде Беріктің психологиялық және жалпы жағдайы толық тұрақталды.
«111» байланыс орталығының қызметкерлері Қарасай аудандық Отбасын қолдау орталығының басшысы Елена Владимировнаға және оның командасына адамгершілік танытып, Берік пен оның отбасына қиын кезеңде нақты көмек көрсеткені үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Шынында да, адам ауыр өмірлік жағдайға тап болып, эмоционалдық күйзеліске түскен кезде жанында тыңдайтын, қолдайтын және тығырықтан шығудың жолын табуға көмектесетін жандардың болғаны аса маңызды. Беріктің отбасына дәл осындай кешенді көмек көрсетілді.
Айта кетейік, Қарасай аудандық Отбасын қолдау орталығында Ашық есік күні өтіп тұрады. Іс-шара Қаскелең қаласы, Төле би көшесі, 50/1 мекенжайында, 2-қабатта ұйымдастырылады. Аталған іс-шара аясында тұрғындар тегін заңгерлік кеңес, психологиялық көмек және әлеуметтік қолдау алады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

