Биыл 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Бұл күн мемлекет дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Конституция – құқық нормаларының жай ғана жиынтығы емес, елдің бүгіні мен болашағын айқындайтын қоғамдық шарт.
Жаңа Конституцияның құндылығы оны дайындау процесінде жатыр. Жоба кәсіби заңгерлерді, сарапшыларды және азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тарта отырып, Конституциялық комиссия тарапынан әзірленді. Ата Заңда зайырлы мемлекет қағидатына баса мән берілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің дерегі бойынша, елімізде 18 конфессиямен 3 999 тіркелген діни бірлестік бар. Еліміз үшін зайырлылықтың конституциялық формуласы азаматтардың діни наным-сенімдері мен дүниетанымына қарамастан теңдігін қамтамасыз ететін кепілдік болып саналады. Зайырлы мемлекет дінді құрметтейді, бірақ өзін ешбір конфессиямен теңестірмейді. Ол әрбір адамға ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете отырып, қоғамды қандай да бір идеологияны немесе діни үстемдікті таңудың кез келген әрекеттерінен қорғайды.
Қазақстан тарихы түрлі мәдениет, дәстүр, наным-сенімге құрметпен қарау этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделін қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айқын көрсетеді. Жаңа Конституция бұл дәстүрді сақтап қана қоймай, мемлекеттің зайырлы сипатын ұлт дамуының басты негіздерінің бірі ретінде бекіте отырып, оны сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтереді. Бүгінде Алматы облысында тіркелген 34 этномәдени бірлестік пен қоғамдық ұйым түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, өзара татулық пен сенімді нығайтуға қызмет етуде. Бұл бір үйдің баласындай қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауға атсалысуы – азаматтарымыздың заң мен тәртіпке мойынсұнып, ортақ құндылықтарды құрметтеуі мен ел болашағына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – баршамызға ортақ міндет. Конституцияның елді білімге, ағартуға, мәдениетке, ғылымға және инновацияға бағдарлауы да аса маңызды. Қазіргі мемлекет күшті адами капиталсыз табысты бола алмайды. Сондықтан конституциялық модель негізінде адам, оның қадір-қасиеті, құқығы, өзін-өзі дамытуы мен жемісті еңбек ету мүмкіндігі тұр. Жаңа Конституция мемлекет институттарын жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және тұрақты экономикалық өсімге жол ашатын құқық негізін қалыптастырады.
Гүлжаһан Кәкішқызы,
Ұйғыр аудандық аналар кеңесінің төрағасы

