Интернеттің дамуы күнделікті өмірді жеңілдеткенімен, киберкеңістіктегі қауіп-қатерлердің де артуына ықпал етті. Бүгінде интернет алаяқтары азаматтардың сеніміне кіріп, жалған хабарламалар, күмәнді сілтемелер мен жалған инвестициялық жобалар арқылы қаржысын иемденуге тырысады. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау – уақыт талабы.
Алаяқтар көбіне өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе байланыс операторының маманы ретінде таныстырып, банк картасының нөмірін, SMS-кодты немесе басқа да жеке мәліметтерді сұрайды. Мұндай ақпаратты бөгде адамдарға беруге болмайтынын әр азамат білуі тиіс. Банктер мен мемлекеттік органдар мұндай құпия деректерді телефон арқылы талап етпейді. Қаржы пирамидалары да азаматтардың қаражатына қауіп төндіреді. «Аз уақытта мол табыс», «тәуекелі жоқ инвестиция» деген жарнамаларға сеніп, ақша салудың соңы өкінішке әкелуі мүмкін. Кез келген қаржылық ұсыныстың заңдылығын мұқият тексеріп, тек ресми ақпаратқа сүйенген жөн.
Құқық қорғау органдары интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен өз қаржысын қорғаудың ең тиімді жолы – әр адамның қырағылығы мен цифрлық сауаттылығы. Интернет кеңістігін қауіпсіз пайдалану – ортақ міндет. Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, жеке мәліметтерді құпия сақтау және ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеру арқылы ғана интернет алаяқтарының құрбаны болудың алдын алуға болады.
Құралбек СӘБИТОВ

