Жол қозғалысы қауіпсіздігі – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды кепілі. Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін қатаң сақтауы жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, көлік тізгінінде ұялы телефон пайдалануы, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе жол қозғалысы ережелерін елемеу салдарынан орын алады. Мұндай салғырттық кейде орны толмас қайғыға әкеледі.
Жолдағы қауіпсіздік жүргізушілермен ғана шектелмейді. Жаяу жүргіншілер де белгіленген өткелдерді пайдаланып, бағдаршам талаптарын сақтауға және жол қозғалысына мұқият қарауға міндетті. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, оларға жолда жүру мәдениетін ерте жастан үйретудің маңызы зор. Құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылаумен қатар, профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Мұндай шаралардың мақсаты – құқық бұзушыларды анықтау ғана емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, азаматтардың өмірін сақтау.
Жолдағы тәртіп – баршаға ортақ жауапкершілік. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші заң талаптарын бұлжытпай орындап, өзгенің өміріне құрметпен қараған жағдайда ғана жолдардағы қауіпсіздік артып, адам өмірін сақтауға мүмкіндік туады.
Құралбек СӘБИТОВ

