Перейти к содержимому
Главная страница » Жарты ғасыр жолда

Жарты ғасыр жолда

Бала кезінде ол әкесі Ақатай Сағындықұлының еңбегінің қаншалықты ауыр екенін көріп өсті. Әкесі Екінші дүниежүзік соғыс жылдарының өзінде теміржолшы болып еңбек етіп, жеңіс үшін аса маңызды тауарлардың уақытылы әрі қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз еткен. Кейін өзі де әке жолын жалғады. Бүгінде бұл игі дәстүрді оның ұлдары жалғастырып келеді. Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Жыңғылды стансасында тұратын Ноғайбаевтар әулетіндегі ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі осы.

Біз бұл жолы теміржол саласында 48 жылға жуық еңбек етіп, жуырда ғана зейнеткерлік демалысқа шыққан әулет басшысы Қуандық Ақатайұлы туралы әңгімелемекпіз.
Ол теміржол саласына 1978 жылы кәмелет жасына толмаған бозбала кезінде келген. 16 жасқа толған соң ресми түрде жұмысқа қабылданып, Алматы жол дистансасының ұжымына қосылады. Еңбек жолын тәжірибесіз жас жігіт болып бастаған ол уақыт өте келе алтыншы разрядты жоғары білікті жолшы дәрежесіне дейін көтерілді.
– Әкем Ақатай мен анам Сараның отбасында сегіз бала дүниеге келдік, – дейді Қуандық Ақатайұлы. – Мен ортаншы баламын. Бір қызығы, теміржол саласын менен бөлек ағам Нұрмахан мен інім Қайрат та таңдады. Бүгінде Нұрмахан ағам 73 жаста. Ол ұзақ жыл бойы Алматы теміржол депосында машинист болып еңбек етті. Ал Қайрат алғашында жолшы болып жұмыс істеп, кейін станса кезекшісі қызметіне ауысты. Анамыздың көзі нашар көретін. Өмірінің соңғы 25 жылын мүлде көзі көрмей өткізді. Соған қарамастан бізді өсіріп, барынша қамқорлығын аямады. Сол себепті мен оқуымды жалғастыра алмай, ерте еңбекке араласуға мәжбүр болдым. Бірақ оған ешқашан өкінген емеспін. Демек, менің өмір жолым осылай қалыптасуы керек болған.
1987 жылы, яғни осыдан қырық жылдай бұрын Қуандық Ақатайұлы шаңырақ көтерді. Өмірлік серігі Шара да ұзақ жылдар бойы теміржол бойында қызмет атқарған. Денсаулығына байланысты кейін бұл жұмыстан кетуге мәжбүр болды. Ерлі-зайыптылардың ең үлкен байлығы – алты баласы мен 14 немересі. Тұңғыштары – Дәулет, одан кейін Дәурен, Сұлтан, қызы Жұлдыз дүниеге келді. Кейін Алла Тағала оларды егіз ұлдар – Шыңғысхан мен Темірханмен қуантты. Әке жолын екінші ұлы Дәурен мен егіз ұлдары жалғастырып, Ноғайбаевтар әулетінің теміржолшылар дәстүрін өрістетіп келеді.
Бір қызығы, Қуандық Ақатайұлы жоғары немесе арнаулы орта білім алмаған. Отбасылық жағдайға байланысты ол жалпы білім беретін мектептің сегіз сыныбын ғана тәмамдаған. Соған қарамастан өз ісінің нағыз шебері, жоғары білікті маман әрі бірнеше буын жас жолшыларды тәрбиелеген тәжірибелі тәлімгер атанды.
– Еңбек жолымның басында ақсақал Ыстыбек Тайлақов, тәжірибелі жолшылар Серікбай Қонысбаев пен Сәкен Сиқымбаев менің ұстаздарым болды, – дейді Қуандық Ақатайұлы. – Кейін өзім де жас мамандарға тәлімгерлік етіп, кәсібіміздің қыр-сырын үйреттім. Теміржол – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Ең алдымен бұл жауапкершілік жолшыларға, машинистерге, диспетчерлерге және басқа да мамандарға жүктеледі.
Қуандық Ақатайұлы биыл 20 мамырда зейнет жасына толып, еңбек демалысына шықты. Дегенмен, ұжым үшін оның орны әлі де ерекше. Әріптестері әлі күнге дейін одан ақыл-кеңес сұрап, тәжірибесіне жүгінеді. Өйткені ұзақ жылғы еңбектің арқасында мол тәжірибе жинақтап қана қоймай, қарапайымдылық, адамгершілік, сенімділік, адалдық, қолдау көрсете білу секілді асыл қасиеттерін сақтап қалды.
– Өмір де, еңбек те оңай болған жоқ, – дейді Қуандық Ақатайұлы әңгімесін қорытындылай келе. – Бірақ бүгінде көп нәрсе жақсы жаққа өзгерді. Бұрын теміржолшылар барлық жұмысты қолмен атқаратын. Жолдарды жаяу аралап, әрбір қадамын тексеретінбіз. Біз теміржол кастельдерін қолмен қағып, шпалдарды арнайы құралдармен нығайтатынбыз. Негізгі құралдарымыз – жол балғасы, кастель қағатын кувалда, күрек және өлшеу қалыптары еді. Сонымен қатар бүкіл бригада болып рельстерді, шпалдарды және балласты қолмен таситынбыз. Рельстерді де лом мен ауыр балғаның көмегімен өз күшімізбен төсейтінбіз. Қандай ауа райы болса да, жаяу жүріп ұзақ қашықтық­тарды тексеріп, рельстегі жарықтарды, ығысуларды немесе сынған бөліктерді уақытында анықтайтынбыз. Қазір де бұл жұмыстар жалғасуда. Тозған ағаш және темірбетон шпалдар ауыстырылады, бұрандалы бекітпелер тартылып, рельс желілері түзетіліп, деңгейі мен қалпы реттеледі. Жарылған рельстер толықтай жаңасына ауыстырылып, түйіспелердегі саңылаулар реттеледі. Бірақ осы жұмыс­тардың бәрін орындау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Мұның бәрі – заманауи техника мен жаңа материалдардың арқасы. Әкемнің жолын жалғастырып, адал еңбек еткеніме және балаларым үшін еңбекқорлық пен адалдықтың үлгісі бола алғаныма мақтанамын. Осынау кәсіби мереке қарсаңында Ноғайбаевтар әулетіне ізгі тілектерімізді жеткізіп, теміржолшылар дәстүрі жалғаса берсін, ал еліміз өсіп-өркендей берсін демекпіз!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы