Перейти к содержимому
Главная страница » Тұрақты даму негізі

Тұрақты даму негізі

Облыстық әкімдікте ҚР Сыртқы істер вице-ми­нистрі Әлібек Қуантыров және аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен өңірлік ин­вестициялық штабтың отырысы өтті. Аталған алқалы жиында аймақта қолға алынған инвес­тициялық жобалар мен оларды іске асыру барысында туындаған мәселелерді шешу жолы талқыланды.

Әлібек Қуантыров жиында ин­вестиция тартудың жаңа тәсілдері туралы баяндады. Сыртқы істер министрі орынбасарының айтуынша, министрлік шетелдік инвесторлар мен өңірлер арасындағы байланысты қамтамасыз ететін үш деңгейлі сүйемелдеу жүйесін қалыптастырған. Елшіліктер арқылы инвесторлар тартылып, орталық деңгейде мемлекеттік органдармен үйлестіру жүргізіледі, ал өңірлік деңгейде жобалар басталған сәттен іске қосылғанға дейін толық сүйемелденеді. Әлібек Сәкенұлының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 23 пайызына жеткізу және алдағы төрт жылда кемінде 100 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту міндеті қойылған. Ол өз кезегінде Алматы облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетіп, жаңа индустриялық орталықтардың бірі ретінде қалыптасып келе жатқанын атап өтті. «Бүгінде Алматы облысында отандық және шетелдік инвестиция тарту бағытында жүйелі әрі белсенді жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында «PepsiCo Central Asia», «Carlsberg Kazakhstan», «Mars Petcare Kazakhstan», «YTO Express» сияқты компаниялардың жобасы бар. Бұл өндіріс қуатын арттыруға, озық технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған», – деді министрдің орынбасары.
Аталған штаб отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов негізгі капиталға қосылған қаржы мен бірқатар маңызды инвес­тициялық жобалар жайын баяндады. Қанат Болатұлының айтуына қарағанда, ҚР инвестициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, облысқа биыл 1 трлн 590 млрд теңге инвестиция тарту жоспары белгіленген. Бірінші жартыжылдықта 532,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5%-ға артқан. Жалпы алғанда, облыстың инвестициялық қоржынында 8,1 трлн теңгеден асатын 283 жоба бар, оларды іске асыру нәтижесінде 154,8 мың жұмыс орны құрылатын болады. Олардың ішінде 74 жоба шетелдік капиталдың қатысуымен іске асырылуда. Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары кейбір ірі жобаларды жүзеге асыруда инфрақұрылымды жетілдіру мен электр энергиясы тапшылығы сынды мәселелерді жедел шешу қажет екенін атап өтті.
Инвестициялық штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Өңірдегі ахуалмен танысып, инвестиция тартудың жаңа тәсілдерін түсіндіру үшін өңірге арнайы келгені үшін Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровқа алғысын жеткізді. Сонымен қоса аймақ басшысы Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жылдың басында өңірлік инвестициялық штаб құрылғанын жеткізді. Оның құрамына Президент Әкімшілігінің өкілдері, облыс прокуроры, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкер­лер палатасы, салық органдарының басшылары енгізілген. «Біздің басты мақсатымыз – тек инвестиция көлемін ұлғайту емес, сонымен бірге аймақ экономикасының ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге ықпал ететін сапалы жобаларды жүзеге асыру», – деді Марат Елеусізұлы.
Жұмыс сапары аясында Әлібек Қуантыров өңірдегі бірқатар өндіріс орындарының қызметімен танысты. Атап айтқанда, Алатау қаласында «PepsiCo Central Asia» компаниясына, Алматы желдеткіш зауыты мен «Carlsberg Central Asia» ЖШС-ға барды. Қазір Алатау қаласында $360 млн болатын «PepsiCo Central Asia» ауқымды жобасы қарқынды жүріп жатыр. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда және қосылған құнның жаңа тізбегін қалыптастыруға, агроөнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеудің заманауи технологияларын енгізуге бағытталған. 900-ге дейін жұмыс орнын құру жоспарлануда, кәсіпорынның өндірістік қуаты 21 мың тоннаны құрайды. Жаңа бой көтеріп жатқан кәсіпорындарды аралған ҚР Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров іргелі инвестициялық жобалардың ел эконмикасы үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Бүгінде инвестициялар көлемі бойынша өңір республикада 6-орында тұр. Жыл басынан бері жалпы құны 121,7 млрд теңге болатын 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Жыл соңына дейін тағы 77 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Ерзат АСЫЛ