Кеген ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық аясында ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті. Жиынға Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков, Кеген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлішер Түлешұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ринат Құрман, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жастар қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды кеңінен түсіндіру, сондай-ақ сайлауға қатысты құқықтар мен міндеттер бойынша жан-жақты ақпарат беру. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков ашып, жүргізіп отырды. Кездесуде 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу тәртібі егжей-тегжейлі айтылды.
Шара барысында Кеген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлішер Түлешұлы Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық Заңына және өзге де заңнамалық актілерге енгізілген жаңашылдықтарға тоқталып, олардың құқықтық негіздері мен практикалық қолданылуын түсіндірді.
Кеген ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бибігүл Айтжанқызы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылып отырғандығын айтып, «Кедергісіз келешек» мемлекеттік жобасын жүзеге асыру бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сайлау учаскелеріндегі ақпараттық тақтайшалар, Брайль қарпімен жазылған трафареттер және кедергісіз кіреберіс пандустарының талапқа сай болуын тілге тиек етті. Бұл шаралар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өз құқықтарын еркін жүзеге асыруына бағытталғанын аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков баса айтып өтті. Келесі кезекте Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ринат Құрман баяндама жасады.
– Алдымызда еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы тұр. Осыған байланысты ауданда сайлауды жоғары деңгейде өткізуге бағытталған дайындық жұмыстары басталып кетті, – деген Ринат Құрман өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, өңірлік танымал тұлғалардың селфи форматындағы бейнеүндеулері, өңірлік инфлюенсерлердің жарияланымдары, Threads әлеуметтік желісіндегі жарияланымдар, креативті бейнеүзінді, сыртқы көрнекі ақпарт құралдары, трафареттер, аудиоджинглдар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу бойынша барлық ауылдық округтер, мекемелер, ұйымдар, сондай-ақ спорт, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салалары бекітілген бағыттар бойынша ақпараттық материалдарды тұрақты түрде әзірлеп, белгіленген мерзімде ұсынуы тиіс, – деген Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков жиынды қорытындылады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

