Перейти к содержимому
Главная страница » Қауіпсіздік өз қолыңда!

Қауіпсіздік өз қолыңда!

Алматы облысының полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтықтан халықты қорғау жолында бар күш-жігерін жұмсап келеді. Әрдайым жұртшылықты сақтыққа шақырып, алаяқ құрбандарының мәселесіне бейжай қараған емес. Бұл жайында Алматы облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Әлібек Керіммен біраз сауалдың айналасында әңгіме өрбіткен едік.

– Әлібек Арланұлы, сұхбаты­мыздың басында өзіңіз жұмыс істейтін киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының негізгі миссиясы мен атқаратын қызметін сөз етсек. Осы туралы айтып берсеңіз.
– Біздің басқарма ақпараттық технологиялар желісіндегі қылмыс­тарды, соның ішінде интернет-алаяқтықтарды анықтау, жолын кесу және тергеумен айналысады. Басты мақсатымыз – азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және киберсауаттылықты арттыру. Әрине, халықтан түскен әрбір арыз-шағым бойынша жедел әрі заң шеңберінде тиісті шаралар қабылданады.
– Соңғы уақытта қандай киберқылмыстар көп кездеседі? Алматы облысы бойынша ахуал қандай? Қай аудандарда мұндай қылмыстар байқалады?
– Кейінгі кезде жалған инвестициялық платформалар және белгілі банктердің атынан қоңырау шалу қылмыстары жиі тіркеледі. Алматы облысы бойынша ахуал тұрақты бақылауда. Алайда халық тығыз қоныстанған және ірі аудандарда мұндай деректер көбірек байқалады. Атап айтар болсақ, Қарасай, Іле, Талғар аудандарында.
Жыл басынан бері жүргізілген талдау бойынша, бірнеше ондаған қылмыстық іс өндірісте болып, заңсыз ақша айналымына қатысы бар 50-ден астам «дроптар», яғни ақша беруші делдалдар анықталды.
– Халыққа түсінікті болу үшін бір тіркелген оқиғадан қарапайым мысал келтіре аласыз ба? Алаяқтар қалай әрекет етеді?
– Алаяқтардың әрекетіне қатысты оқиға көп. Солардың бірі жақында осы Қарасай ауданында тіркелді. Соны мысал ретінде жеткізіп берейін.
Бір жас жігіттің WhatsApp қосым­шасына «оператор» деген жазуы жазылған бір бөтен нөмір хабарласты. Тұтқаның арғы жағында: «SIM-картаңыздың қолданылу мерзімі аяқталып жатыр. Мерзімін ұзарту үшін SMS-кодты айтыңыз», – деген дауыс шықты. Кодты айтқаннан кейін қорқыту, үркіту сипатында әңгімелер басталды. Одан кейін алаяқтар бейнеқоңырауға көшіп, одан сайын қорқыта бастады. Ал олардың негізгі мақсаты жаңағы жігітті банк қосымшасындағы шектеулерді алып тастауға мәжбүрлеу еді. Алаяқтар оның «eGov» арқылы несие алуға ресми тыйым салғанын біліп, оны айналып өтпек болған. Бұл жайттан жігіт сезіктеніп, дүрбелеңге түспей, бірден полицияға жүгінген. Іске киберпол қызметкері жедел араласып, жәбірленушіге әрекет етудің қарапайым алгоритмін анық түсіндірді. Соның арқасында барлық қаражат аман қалды, ешқандай шығын болған жоқ.
Осы ретте мынаны есте сақтау қажет: SIM-карталардың қолданылу мерзімі болмайды. Полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің немесе банктердің нақты қызметкерлері мессенджерде ешқашан бейнебайланыс арқылы қоңырау шалмайды. Олар телефон арқылы сес көрсетіп, қорқытпайды және ешқашан SMS-кодтарды айтуды немесе ақшаны «Қауіпсіз/резервтік шоттарға» аударуды талап етпейді.
– Әлібек Арланұлы, алаяқтар көбінесе қандай әдістерді жиі қолданады және олардан сақтанудың жолдары қандай?
– Алаяқтар көбіне психологиялық қысым жасау, шұғыл шешім қабылдатуға тырысу немесе тиімді инвестициямен тез байып кету секілді әдістерді қолданады. Осы жолмен адамдарды арбауға тырысып, қаражатты өз пайдасына шешіп жатады. Мұндай әрекеттерден сақтанудың басты жолы – бейтаныс сілтемелерге өтпеу, жеке мәліметтерді ешкімге айтпау және кез келген ақпаратты ресми көздерден қайта тексеру. Осы жайттарды ескеріп, мұқият жүрсе, алаяқтардың барынша сақ болуға болады.
– Осы ретте алаяқтардың құрбанына айналатын адамдарды нақты атап өтсеңіз? Кімдер көбінесе тұзаққа ілініп жатады?
– Жалпы айтар болсақ, алаяқтардың арбауына кез келген адам түсуі мүмкін. Сондықтан нақты айту қиындау. Алайда көбінесе цифрлық сауаттылығы төмендеу қариялар, тез табыс тапқысы келетін студенттер мен жастар және сенгіш азаматтар көп алданады. Дегенмен қылмыскерлер де ақымақ емес. Олар зерттеп, зерделеу жағынан мұқият болады. Адамдардың сеніміне кіру үшін әр жас ерекшелігіне қарай өз айлаларын қолданады.
– Адамдардың көбі алаяқтардың тұзағына ілініп, көбінесе банк картасындағы ақшасын жоғалтып жатады. Оны қорғаудың қандай амалдары бар?
– Иә, дұрыс айтасыз. Ондай жағдай кездесетіні анық. Банк картасындағы қаражаттан қағылмау үшін бірнеше сақтық амалдарын ескерген жөн. Картаның артқы жағындағы CVV/CVC кодын, SMS арқылы келген біржолғы құпия кодтарды және банк қосымшасының парольдарын ешкімге айтпау қажет. Тіпті, өзін банк қызметкерімін деп таныстырса да, банк картасына қатысты деректерді айтпаған жөн. Сондай-ақ, онлайн сатып алулар үшін бөлек виртуалды карта ашып, оған тек қажетті соманы ғана салып отырған абзал.
– Қазіргі уақытта алаяқтар цифрлық технология мүмкіндігін пайдаланып жатыр деген ақпарат бар. Ол қаншалықты шындыққа жанасады? Осындай технологиялық тәсілді қолданып, адамдарды алдағандар бар ма?
– Расымен солай, бүгінгі күннің шындығы осы. Қазіргі уақытта алаяқтар туыстарының немесе басшылардың дауысы мен бейнесін жасанды түрде жасайды. Бұл технологиялық тәсілді дипфейк деп атайды. Осылайша ақша бопсалау немесе алдау фактілерін жиі қолдана бастады. Мұндай жағдайда бірден байланысты үзіп, сол адамның өзіне өзге арналар арқылы хабарласып тексеру керек.
– Әлібек Арланұлы, жасанды интеллект дамып келе жатқан заманда оның сіздердің жұмыс­тары­ңызға қаншалық әсері бар?
– Жасанды интеллект деген екі жүзді қару сияқты. Бір жағынан, қылмыскерлер оны айла-шарғыларын күрделілендіру үшін пайдаланса, екінші жағынан, біздің де киберқылмыспен күресуде, күдікті транзакцияларды талдауда және мониторинг жасауда техникалық мүмкіндіктерімізді арттыруға көмектеседі. Сол үшін біз де заман ағымына сай технологиялық құралдарды жұмысымызға белсенді енгізіп жатырмыз. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалы немесе зиянды деп нақты айту қиын. Әркім қандай мақсатта қолдануына байланысты.
– Әңгіме соңында алаяқтардан сақ болу үшін халыққа айтар кеңесіңізбен бөліссеңіз?
– Тұрғындарға айтар ең басты кеңесім – цифрлық гигиена мен салауатты күмән. Ешқашан асығыс шешім қабылдамау керек. Егер бөтен біреу телефонмен қандай да бір қаржылық операция жасауды бұйырса, бірден тұтқаны қойып, ресми байланыс нөмірлеріне хабарласқан жөн. Қауіпсіздік өз қолымызда екенін ұмытпау керек!
– Ақпаратыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Дидар МӘЛІКҰЛЫ