Қазіргі таңда интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен қатар, оның қауіп-қатері де артып келеді. Соның бірі – интернеттегі алаяқтық. Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, түрлі айла-шарғы арқылы жеке мәліметтері мен қаржысын иемденуге тырысады.
Көп жағдайда қылмыскерлер банк қызметкері, полиция қызметкері немесе басқа да мемлекеттік орган өкілі ретінде қоңырау шалады. «Шотыңыздан күмәнді операция жасалды», «несие рәсімделіп жатыр», «қаражатыңызды қауіпсіз шотқа аудару қажет» деген сылтаулармен азаматтарды асықтырып, психологиялық қысым көрсетеді.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен интернет-дүкендер арқылы арзан тауар ұсынып, алдын ала төлем талап ететін алаяқтар да бар. Кей жағдайда азаматтарға жалған инвестициялық жобалар ұсынып, қысқа мерзімде мол табыс табуға уәде береді.
Мұндай жағдайда ең бастысы – сабыр сақтап, ақпаратты тексеру. Бейтаныс адамға банк картасының нөмірін, құпия сөзді, SMS арқылы келген кодты айтуға болмайды. Мемлекеттік орган немесе банк қызметкері ешқашан телефон арқылы құпия деректерді сұрамайды.
«Сақтансаң – сақтайды» деген халық даналығы интернет кеңістігінде де өзекті. Күдікті сілтемеге өтпей, белгісіз қосымшаны жүктемей, бейтаныс адамдардың талабымен ақша аудармаған жөн.
Өз қауіпсіздігіңізге немқұрайлы қарамаңыз. Бір сәттік сақтық – үлкен қаржылық шығынның алдын алуы мүмкін.
Алтынай СЕЙІТКЕН

