


Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті тазалық жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары мен белсенді азаматтар ұйымшылдық танытқан шараға аудан әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек, Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Бақыт Рыскелдіұлы, мекеме қызметкерлері, жастар белсенді қатысты.
Сенбілікке шыққандар аталған округке қарасты Жаңақұрылыс ауылының сыртында орналасқан қазақтың әйгілі қос батыры – Саурық пен Сұраншы ескерткішінің маңайын тазартып, тарихи-мәдени нысанның аумағын ретке келтірді. Бұл жұмыс туған жерге деген жанашырлықты, тарихи тұлғаларымызға құрметті және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Белсенді жастар сонымен қатар жол жиегі мен қоғамдық орындарды тазалап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты. Акция барысында қоғамдық аумақтар қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке үндейтін еңселі ескерткіш 2013 жылы тұрғызылған болатын. Ел үшін туған Қарасай, Наурызбай, Райымбек сияқты батырлардан үзілмей келе жатқан батырлықтың алтын арқауын Алатаудың баурайында Саурық Ыстамбекұлы мен Сұраншы Ақынбекұлы жалғастырғанына тарих куә. Қос батыр ХІХ ғасырда Қоқан бектері мен қырғыз манаптарының үстемдігінен елді азат етіп, ғұмырларын ат үстінде өткізген. Сұраншы мен Саурық батырлар сын сағатта қол бастап қана қоймай, алқалы топта сөз бастап, саясаткерлік қырларымен де танылғаны белгілі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

