Перейти к содержимому
Главная страница » Қырғызсайда тазалық жұмыстары жүргізілді

Қырғызсайда тазалық жұмыстары жүргізілді

Күні кеше Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылдық округінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды.

Акцияға ауыл тұрғындары мен белсенді азаматтар қатысып, қоғамдық орындардың аумағын ретке келтірді. Жұмыс барысында шашылған қоқыстар жиналып, шөптер шабылды, ағаштарға су құйылып, айнала тазартылды.

Тазалық жұмыстарының басты мақсаты – ауылдың көркін жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру. Мұндай шаралар тұрғындардың ортақ мекенге деген жауапкершілігін арттырып, ауыл тазалығын сақтауға жақсы әсер етеді.

Таза әрі жайлы ауыл – баршаға ортақ. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау әр тұрғынның күнделікті әдетіне айналса, елді мекеніміз де көркейе түсері сөзсіз.

«Таза Қазақстан» акциясын Мемлекет басшысы жай науқаншылықпен шатастырмауды айтқан еді. Сондықтан бұл жай ғана акция, көз бояушылық болмауы тиіс. Осыны жан-тәндерімен ұғынған қырғызсайлықтар әр тазалық сайын көше-көшені шын ниеттерімен тазалап шығады. Ауылдың сыртын да қоқыстан тазартып тастаған. Әрі жай ғана тазартып қоймай, жастардың санасына айналаны ластамау қажеттігін де сіңіруде. Ауыл ақсақалдары мен сыйлы азаматтар осы мәселені әлдеқашан қолға алған.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ