Перейти к содержимому
Главная страница » Зорлық-зомбылыққа үнсіз қалу – мәселені шешпейді

Зорлық-зомбылыққа үнсіз қалу – мәселені шешпейді

Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғам үшін аса күрделі мәселелердің бірі. Оның қауіптілігі – көп жағдайда мұндай жағдай сырт көзден тасада қалып, ұзақ уақыт бойы жалғасуында. Жәбірленушінің қорқынышы, материалдық тәуелділігі немесе жақындарының қысымы мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Зорлық-зомбылық тек денеге жарақат салумен шектелмейді. Психологиялық қысым көрсету, қорқыту, кемсіту, бақылау орнату да адамның өміріне кері әсер етеді. Әсіресе балалар отбасындағы жанжалдың куәсі болған жағдайда, оның психологиялық салдары ұзақ уақыт сақталуы ықтимал.

Сондықтан зорлық белгілерін ерте анықтау аса маңызды. Мұнда көршілердің, туыстардың, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлердің қырағылығы қажет. Егер адамның қауіпсіздігіне қатер төнсе, «отбасылық мәселе» деп сырт айналмай, тиісті органдарға хабарлау – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмеуі тиіс. Отбасымен профилактикалық жұмыс жүргізу, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету, балалардың құқықтық сауатын арттыру да маңызды. Себебі қауіпсіз отбасы – қауіпсіз қоғамның негізі.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ