Алкогольді шамадан тыс тұтыну адамның өзіне ғана емес, оның отбасына және айналасындағы адамдарға да кері әсер етеді. Сондықтан алкогольдің зиянының алдын алу – денсаулық мәселесімен қатар, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты маңызды бағыт.
Алкогольге тәуелділік адамның еңбекке қабілетіне, отбасылық қарым-қатынасына және әлеуметтік жағдайына әсер етуі мүмкін. Кейбір құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық жанжалдардың орын алуына да ішімдік себеп болып жатады.
Профилактика жұмыстары ең алдымен жастар арасында жүргізілуі тиіс. Жасөспірімдерге алкогольдің зияны туралы құр тыйым арқылы емес, нақты мысалдар мен түсіндіру жұмыстары арқылы жеткізу тиімді.
Бос уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік жасау да маңызды. Спорт, шығармашылық, білім беру жобалары мен қоғамдық бастамалар жастардың өмір салтын дұрыс қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар отбасының тәрбиелік рөлі ерекше. Баланың бойындағы әдеттер мен өмірлік ұстанымдардың қалыптасуына ата-ананың үлгісі тікелей әсер етеді.
Салауатты өмір салтын таңдау – әр адамның жеке шешімі. Бірақ бұл таңдау отбасының берекесі мен қоғамның тұрақтылығына да ықпал етеді. Сондықтан зиянды әдеттердің алдын алу – болашақ ұрпақтың сапалы өміріне жасалған маңызды қадам.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

