Отбасы – адам өміріндегі ең жақын әрі қауіпсіз орта болуы тиіс. Алайда тұрмыстық жанжалдың ушығуы кейде отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға әкеледі. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Мұндай мәселелерді тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін шешу жеткіліксіз. Ең маңыздысы – оның алдын алу. Отбасындағы жанжалдың алғашқы белгілерін дер кезінде байқап, тиісті көмек көрсету, азаматтарға құқықтық және психологиялық қолдау ұсыну маңызды.
Зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін қоғамдағы көзқарастың да өзгеруі қажет. «Бұл – отбасының ішкі мәселесі» деген түсінік қауіпті. Себебі үнсіз қалу кейде жағдайдың одан әрі күрделенуіне әкелуі мүмкін.
Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуы керек. Үйдегі тұрақсыз орта баланың психологиялық жағдайына әсер етіп, оның болашақтағы мінез-құлқына да ықпал етуі ықтимал.
Отбасындағы сыйластық пен өзара түсіністік – зорлықтың алдын алудың ең алғашқы қадамы. Қауіпсіз отбасы көбейген сайын қауіпсіз қоғам да қалыптасады. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген түріне бейжай қарамау – әр азаматтың ортақ міндеті.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

