Перейти к содержимому
Главная страница » Алматы облысының білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын

Алматы облысының білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын

Алматы облысында тамыз конференциясы «Конституциялық құндылықтар: кәсібилік, сапа, нәтиже» тақырыбында өтті. Дәстүрлі жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы сөз қозғады.
– Бүгінде адами капиталдың сапасы – ол мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының басты іргетасы. Ал, әр балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру – ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция.
Алматы облысы — демографиялық өсімі жоғары, жастар үлесі басым өңірлердің бірі. Осыған байланысты инфрақұрылым тапшылығын жою басты назарда.
Үшауысымды оқыту және оқушы орынының тапшылығын жою, оқушыларға қолайлы жағдай жасап, сапалы білім беру мақсатында Алматы облысында соңғы төрт жылда (2022-2026 жж.) 75 жаңа мектеп ашылып, 6 қосымша жапсаржай пайдалануға берілді. Соның ішінде 24 300 орынды 26 «Келешек мектебі» қолданысқа берілді. Нәтижесінде үшауысымды мектептердің саны 52-ден 23 бірлікке азайып, шалғай елді мекендерден тасымалданатын 5 821 оқушының тасымал мәселесі шешілді, – деді.
Ағымдағы жылы 7 білім беру нысандарының құрылысын жүргізуге бюджеттен 6,5 млрд теңге бөлініп, Есік гуманитарлы-педагогикалық колледжінің 200 орындық жатақханасы қолданысқа берілді. Қалған нысандар жыл соңына дейін қолданысқа берілетін болады. Сонымен қатар, 2026-2030 жылдары EPC+F механизмі арқылы үшауысымды оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында ең қажетті болып отырған 4 200 орындық 5 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Нәтижесінде 10 үш ауысымда оқитын мектептегі 7 204 оқушының және шалғай елді мекендердегі 2 871 оқушының тасымалдау мәселесі шешілетін болады.
Сондай-ақ, Алматы агломерациясы аймағына кіретін ауылдарда Алматы қаласының бюджеті есебінен 41,8 млрд. теңге қаражатқа мектеп салуға келіс сөздер жүргізіліп, Алматы қаласының жобалық кеңсесіне 5 мектептің құрылысы бойынша жер учаскелері ұсынылды.
Бұл Алматы облысы аумағында тұратын, бірақ Алматы қаласының білім беру ұйымдарында оқитын 16 мың оқушының басым бөлігіні (8100 оқушы) Алматы қаласына қатынап оқу мәселесін шешетін болады.

Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА