Көшеде бәрі тыныш. Адамдар жұмысқа барып, балалар мектептен қайтып жүр. Ал сол үйлердің бірінде адамның күн сайын қорқынышпен өмір сүріп жатқанын ешкім білмеуі мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ең күрделі тұсы да осында. Ол көбіне сырт көзге көрінбейді. Жәбірленуші қорқуы, ұялуы немесе жағдайдың өзгеретініне үміттенуі мүмкін. Сондықтан зорлықтың алдын алу тек құқықтық шаралармен шектелмей, қоғамның көзқарасын өзгертуді де талап етеді.
Мемлекет тарапынан мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар қарастырылған. Жәбірленуші полицияға 102 нөмірі арқылы немесе онлайн түрде жүгінуіне болады.
Бірақ ең маңыздысы, зорлықты қалыпты жағдай деп қабылдамау.
«Отбасының ішкі мәселесі», «өздері шешіп алады», «балалар үшін шыдау керек» деген түсініктер жәбірленушіні жалғыз қалдыруы мүмкін.
Үй – адамның ең қауіпсіз жері болуы тиіс. Егер адам өз үйінде қорқынышпен өмір сүрсе, бұл – тек бір отбасының емес, қоғамның мәселесі.
Сондықтан жабық есіктің ар жағындағы жанайқайға бейжай қарамау – адамгершіліктің ғана емес, қоғамдық қауіпсіздіктің де талабы.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
