Ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, әлем өркениетіне танылған құнды мұраларымыз музейлерде сақтаулы. Осынау Ұлы далада сан ғасыр бойы өмір сүрген қазақ халқының жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына енген төлтума мұралары мен тарихи-мәдени ескерткіштері молынан кездеседі.

«Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі. 1981 жыл.
Еліміздегі музейлер бүгінгі таңда жас ұрпаққа құнды мұралар мен тарихи ескерткіштер арқылы тәрбие мен білім беруге арналған көп қырлы әлеуметтік-ақпараттық институтқа айналып отыр. Олардың тарихы 1830 жылдардан бастау алып, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінде 300-ге жуық сан-салалы музейлер тізімі айқындалды. Музейлер ұлттық құнды мұралар арқылы ғылыми танымды өрлетті, қоғамдық ойды ілгері дамытты, ұрпақ тәрбиесіне музейлік педагогика ілімін енгізіп, жас ұрпақтың өз ұлтының тарихына деген сүйіспеншілігін қалыптастырды.
Қазақстан музейлері жұмысын жан-жақты дамытуда, жаңа музейлер ұйымдастырып, мамандар даярлауда, музей ғимараттары мен тарихи ескерткіштерді есепке алу жұмыстарын жүргізуде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жұмысы айтарлықтай. Қазақстан музейлері, әсіресе, өткен ғасырдың 1980-85 жылдарынан бастап ұлттық сипатқа ие бола түсті. Оның басты себебі – мәдени мұраға, ұлттық құндылықтарға деген оң көзқарас, жанашырлық ниет алдыңғы орынға шыға бастады. Сол тұста Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі тарапынан музей және оның қор-көрмелерінде жинақталып, сақталып және насихатталып отырған құндылықтардың ұлт тарихында алатын орны мен маңызына ерекше көңіл бөлінді. Үкіметтің тапсырмасымен, Мәдениет министрлігінің қолдауымен жер-жерде музейлер бой көтерді. Мәселен, 1990 жылдарға дейін ел аумағында 70-тен аса ірілі-ұсақты музейлер мен оның филиалдары жұмыс істесе, қазіргі кезде елдегі музейлер саны 300-ден асады. Әсіресе ел тәуелсіздігінің отыз жылдан астам уақыт ішінде ашылған музейлер сапасымен де, тарихилығымен де, ғылыми-танымдық экспозициясымен де, ең бастысы, еліміздің тәуелсіз тарихы мен мәдени мұрасы тұрғысында ерекше сипатқа ие бола түсті.
Ұлттық мұраларымыздың барын ұлықтап, жоғын іздестіруде, көнесін жаңғыртып, оларға екінші өмір беруде, мамандар даярлап, жаңа үлгідегі музейлерді ұйымдастыруда Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған істері сан-салалы болды. Айтулы тұлғаның бастамасымен Қазақстан қалаларында әр саланы қамтыған, қазіргі кезде тарихы орныққан көптеген музей ірге көтерді.
Уақыт ағымына, өркениет талаптарына сай Қазақстан музейлерінің экспозиция құрылымы, жұмыс істеу әдіс-тәсілдері де түрлі өзгеріске түсіп, Арқалық, Талдықорған, Түркістан, Отырар, Маңғыстау, Алматы, Семей, Ұзынағаш, тағы басқа өңірлерде орын тепкен музейлердің ғимараттары мен экспозициялары жаңарды. Осы сөздің дәлелі ретінде Ө. Жәнібековтің нақты қолдауымен және жанкешті еңбегінің арқасында құрылып, қалыптасқан музейлер тарихын ұсынуды жөн көрдім.
Өзбекәлі аға өмірден озған отыз жылдан астам уақытта ол кісінің еңбектері жайлы көптеген мақала мен кітаптар жазылды. Қостанай облысындағы «Дала өлкесі» тарихи музейінің директоры болған Жұмағали Өмірбековтің естелігінде өткен ғасырдың 70-жылдары киелі Торғай елінің бағына облыстық партия комитетінің идеология хатшысы болып Өзбекәлі Жәнібеков келгенін айтады. Ол кісінің келуімен Арқалық маңызды мәдениет орталығына айнала бастады. Бірінші мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейін ашуды қолға алды. Қауырт қызметіне қарамай Торғай өңірін аралап, елден көне жәдігерлер, мәдени тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдерін, ескірген кілем, алаша түрлерін, тот басқан зергерлік бұйымдарды жинап, сол музейдің әр шегесін өзі қағып, тақырыптық жоспарын жасап берді. Халықтың ыстық ықыласына бөленген бір жайт белгілі, Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовты арнайы шақырып, сол өңірдің әнұранына айналған «Арқалықтың ақ таңы» әнін жаздырды. Сол жылдары аталмыш музейге жас маман болып келген Рысжан Ілиясова: «1973 жылы Торғай облысына Ленин орденін тапсыруға, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бастаған делегаттар келетінін білдік. Музей бір шамаға келсе де, екі залдың паркет тақтайының реңі бүкіл істелген істің түрін кетіріп тұрғаны бәрімізге бататын, еден бояуы жоқ. Сол мәселені еріксіз айтқанда, үнсіз тыңдаған Өзбекәлі аға, жұмыстан соң жігіттерімен келіп, киімін ауыстырып алып келген бояумен еденді бояуға кірісті. Иісі қолқаңды жарып, тамақты күйдіретін бояудан әлсін-әлсін далаға шығып тұрамыз, ал Өзағаң болса сол қалпында бояп бірақ шыққан. Торғай облысында Мәдениет ошақтарының сан түрі құрылып, жанданып, халықтың мәдениеті артып, ұрпақтар ұмытпас ұлы істің жасалуын Өзекең сияқты көреген қайраткердің ғана қолынан келетін шығар», – деп жазды өзінің «Рухани аға» атты естелігінде.
1985 жылы ғалым, саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына орай Алтынемел мемлекеттік мемориалды музейі ашылды. Сол музейдің жасақтау кезеңінен ашылу салтанатына дейін қасында болған Өзбекәлі Жәнібеков Түркістан генерал-губернаторы Фон-Кауфманның бұйрығы бойынша 1881 жылы генерал-лейтенант Калпаковский орнатқан қабір басындағы ескерткіш тасты ауыстыру қажеттілігін көрсеткен. Себебі көк тас бетіндегі жазу жел мен жаңбырдың, аптап ыстық пен қақаған суықтың әсерінен көмескілене бастаған. Осыдан кейін Өзбекәлі аға тапсырыспен көне тастың айна-қатесіз көшірмесін жасатып, бейіт басына қойғызып, ал түпнұсқа тасты музейге алдыртты. «Мен өз басым көрдім, енді маған керегі жоқ деуге болмайды, келешек ұрпаққа қалу керек, тастың беті жойылып кетсе дәлелдей алмай қаламыз», – деп көне құлпытастың жойылмай ұрпаққа жетуіне бар күш-жігерін салды», – дейді өз естелігінде музей директоры Сәуле Әбішева. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Театр поэзиясын пір тұтқан» атты кітабында: «Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстандағы он жеті мың ескерткіштің құжаттарын жасап, жауын-шашынға қарамай аяғына керзі етік киіп қазақ даласын аралай жүріп, әлгі ескерткіштерді қалпына келтірген тұлға» – деп жазды.
1980 жылы Алматы қаласында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шешімімен Республикалық халық саз аспаптар музейін құру туралы қаулы жарияланды. Қазақстанның музыкалық-мәдени тарихында тұңғыш ашылатын бұл музей Ұлы далада өмір сүрген қазақ халқының сан-салалы мәдениеті мен археологиялық қазбалар мен зерттеу экспедициялары тапқан құнды, ұмыт болған қазақтың саз аспаптар тарихын жаңғыртуды мақсат етті.
Музей экспозициясы түркі халықтарының ұлттық саз аспаптар тарихы мен шежіресінде ғылыми құнды деректер қалдырған Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен бастау алды. Музей қоры алғашқы күннен бастап қазақтың ұлттық дәстүрлі музыкалық саз аспаптарымен қоса түркі халықтарының аспаптарын жинақтады.
Осы музейдің алғашқы ғимараты мен қазіргі орныққан орнын, алғашқы экспозициялық тақырыптық жоспарын, қызметкерлерінен құрылған «Сазген» фольклорлық-этнорафиялық ансамблінің концерттік репертуары мен киімдерінің жобасын жасап, іске асырып, музейдің танылуына қосқан еңбегі үшін бұл музейді толыққанды Өзбекәлі музейі деп айтуға болады.
Музейдің алғашқы жасақталған экспозиция көрмесі 1981 жылдың 24 сәуір күні Панфилов көшесіндегі 99 нөмірлі бұрынғы көпес үйінде ашылды. Экспозицияның 5 залына 60-қа жуық музыкалық аспап қойылды. Ғасырлар қойнауынан бізге жетпей ұмыт болған, бірақ халық аңыздарында, саяхатшылардың жазба деректерінде көнекөз қариялардың сипаттауымен ел ішінде сирек кездесетін аспаптарды іздестіру жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар олардың тарихына байланысты деректер, ұмыт болған ән мен күйдің ноталары жиналды.
Өз заманында дауылпаз күйші, жезтаңдай әнші болған тұлғалардың ұстаған саз аспаптары жинақталып «Мемориал – ескерткіш мұралар» залы ашылды. Мұнда ұлы Абайдың, Біржанның, Сейтектің, Махамбеттің, Динаның, Жамбылдың домбыраларымен қоса абыз жыршылардың да қобыздары қойылды. Сонымен қатар Қазақстанда тұратын ұлттардың да саз аспаптарын жинап, мәдениетін зерттеу музей қызметкерлеріне жүктелді. Аспаптарды ғылыми тұрғыдан жүйелеу жұмыстары жүргізіле бастады. Этнограф Омар Хаймульдиннің сипаттап беруімен ұста Дәркембай Шоқпаров пен шәкірті Арыстан Хасенов он бес музыкалық аспап жасады. Осылайша шертердің көне түрі (Залескийдің альбомынан), дудыға, тоқылдақ, шіңкілдек, әнге арналған қуыс мойын домбыра, шың, желбуаз, керней, бұғышақ, ортеке, дүңгіршік, кең шанақты домбыра түрлерімен музей экспозициясын толықтырды.
Музей қорының жинақталуына алғашқы күннен бастап үлкен көңіл бөлінді. Облыстағы өлкетану музейлерінен атақты өнер майталмандарының аспаптары Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында музей қорына алынды. Әрине, әр музей үшін құнды мұрағатынан айырылу оңайға түскен жоқ. Бірақ Өзбекәлі Жәнібековтің: «Бұл музей келешекте қазақ аспаптану ғылымын зерттейтін орталық болып, ұлттық мәдениеттің ұмыт болған ән-күйін, биін бір жерден ғылыми түрде жүйелеп, насихаттайды» – деген сөздерін өлкетану музейлерінің басшылары құптап, өзге де деректі құжаттарын берді.
Осы жылдары тұңғыш рет музыкалық археология деген бөлім құрылып, музыкалық аспаптарға байланысты археологиялық қазбалардан табылған балбалтастар қойылды. Жезқазған өңірінен әкелінген «Бақсытастың» бетіне жәндіктердің мифологиялық бейнелері қашалған болса, Жамбыл өңірінен әкелінген «Күйші тас» қолына садақ тәріздес монохорд аспабымен бейнеленген. Осы бөлім аса құнды археологиялық қазбалардан табылған, көне қалалардың мәдени өмірінен сыр шертетін музыкалық аспаптармен толықты. Олар – бала сылдырмағы – дүңгіршік, саздан жасалған сыбызғының бөлшегі, сазсырнай. Аса құнды бұл аспаптарды Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы У.Шалекенов Ө.Жәнібековтің досы ретінде сыйға тартты. Академик Ә.Марғұлан мен жазушы А.Сейдімбековтің еңбектерінде айтылған таңбалытас Ұлытау жерінен әкелініп музейге қойылғаны – үлкен тарихи ескерткіштерді қорғау мәселесіндегі айтулы оқиға болды. Осы жылдың күзінде Ө. Жәнібековтің ұсынысымен музей директоры О. Бейсенбаев Жамбыл облысына іссапарға шықты. Мақсаты – Талас ауданының Қаратау кеңшарына қарасты Қарой бөлімшесіне барып XVI ғасырға жататын Жарас бақсының қобызын алу. Киелі қобыз Бижан Құлтасовтардың әулетінде ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан отбасылық кие болса, аспаптану тарихы үшін қазақтың мәдениетінен сыр шертетін асыл мұра болып саналады. Киелі қобызды біріншіден, халық игілігіне, екіншіден, Өзбекәлідей азаматтың сөзін жықпайық деп музейге тапсырды. Музей қорындағы ең көне де құнды жәдігер – Жарас бақсы қобызы.
1983 жылдың мамыр айында Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев музейге арнайы келді. Панфилов көшесіндегі 99-үйде орналасқан шағын музей ішін аралап, кішкентай концерт залында «Сазген» ансамблінің концертін тыңдады. Концерт біткен соң: «Сіздерге үлкендеу концерт залы бар орын қарастыру керек екен», – деді. Содан Ө. Жәнібековтің ұсынысымен, Д.А.Қонаевтың қолдауымен 1984 жылы Зенков көшесіндегі Офицерлер үйінің ғимараты музейге берілді. «Казмузейреставрация» мекемесінің М.Ибранов, Қ, Тұяқбаев, Ш.Қожақанов, Д.Шоқпаров, А.Найманбаев, Б.Көшербаев бастаған мамандары музейдің жаңа жобасында концерттік залдың төбесін күмбездеп қазақ үйге келтірсе, сахнасын үйдің ортасына дейін тартып, көне ұлттық билерді орындауға ыңғайландырды.
Ө. Жәнібековтің ғылыми жетекшілігімен жаңа музей ғимаратының 8 залына ғылым бөлімінің меңгерушісі З.Жәкішева, музыкалық жетекші Е.Қуандықов және қор бөлімінің меңгерушісі С.Кәрібайқызы тақырыптық-экспозициялық жоспар жасауды қолға алды. Ұлттық кітапхананың сирек қолжазба, Ұлттық академияның ғылыми, орталық мемлекеттік мұрағаттар қорларында аспаптану тарихына байланысты тың деректер іздестіру жұмыстарын бастады. Сол жиналған деректер негізінде Жанат Байжігітов көлемді аттаныс дабылын екі түйенің терісінен жасады, О.Хаймульдиннің сипаттамасы бойынша белгілі қобызбен ән салу үрдісін жаңғыртқан Сматай Үмбетбаев атақты күйші Байжігіттің домбырасын жасады. Осы домбырада Е. Қуандықов Байжігіттің «Әлди сұр», «Жекей торы», «Көк қаршыға» «Мың гүл» күйлерін орындады. Музейдің жаңа экспозициясында музыкалық аспаптар классификацияларға бөлініп, дыбыстары жазылды. Осы жылы Ө.Жәнібековтің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде тұрған «Шұғыла» атты көне кілемнің нұсқасы Алматыдағы кілем фабрикасында тоқылып, музей фойесіне ілінді.
Музей қорында жинақталған ұмыт болған аспаптардың қайта жандануымен, белгілі өнерпаздардың аспаптарының баламалары қайта қалпына келтіру жұмыстары арқасында жаңа буын шеберлері қалыптасты. Музей қорына аса мән беру барысында көне музыкалық аспаптардың тың деректері табылды, оларды жасайтын ағаш түрлері зерттелді, қазақтың дәстүрлі қолөнері дамыды. Сонымен қатар 1980 жылдан бастап музейдің дүниежүзі халықтарының саз аспаптарына арналған қоры өзіндік ерекшелігімен айқындалды. Қызметтік іссапармен Үндістанға барған Ө.Жәнібеков сол елдің Бин, Ектар, Най аспаптарын музейге сыйға тартты. Әр елге барған сайын музыкалық аспаптар әкелетін. Соның нәтижесінде дүниежүзі халықтарының саз аспаптары бөлімін құруға септігін тигізді. Олардың ішінде өзінің жасалу, дыбыс шығару, ойналу әдіс-тәсілдерімен бір-біріне ұқсамайтын үлгі-нұсқалары жұртшылық назарын аударды. Өзге елдің тарихын, мәдениетін зерттей отырып, музей қызметкерлері жас ұрпаққа өркениеттік мәдениет мұраларын да насихаттап келді.
Музей қызметкерлерінен құрылған «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің негізгі мақсаты ұмыт болған қазақтың әндері мен күйлерін, билерін көне аспаптар арқылы насихаттау болды. Ансамбль киімдері тікелей Ө. Жәнібековтің талғамымен, Орталық музей қорындағы көне киімдер үлгісі бойынша тігілді. Ансамбль көне жетіген, адырна, мес, сақпан, нарқобыз, ортеке, қуыс мойын домбыра мен түрлі ұрмалы аспаптарда ән мен күйлерді орындап, этнографиялық билерге тігілген костюм эскиздері мен музыканттардың сирек суреттерін жинап таспаға жазып отырды.
1985 жылы «Сазген» ансамблі өзіндік орындаушылық және киім үлгілерінің ерекшелігімен айқындалып, Мәскеуде өткен XII Дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалінде жүлделі орындарға ие болып, Қаз ССР Президиумының Алғыс хатын алды.
Биыл – Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне 45 жыл. Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен мол асыл мұраларымызды жинап, сақтап, зерттеп, жүйелеп ұрпаққа жеткізудегі өнегелі істі Өзбекәлі Жәнібеков жалғастырып, мәдениет саласының басшылық қызметін атқарған тұста музей мен тарихи ескерткіш орындарына өшпестей тарихи із қалдырды. Жаһандану заманы келе жатқанын болжай біліп, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтардың ықпалымен ұлт болмысын сақтап қаларын білді. Бүгінде уақыт ағымына, өркениет талаптарына сай Қазақстан музейлерінің ішіндегі құнды мұраларымен әлемге танылып отырған бұл музей халқының мұрасына деген сүйіспеншілігімен біздерге өнеге қалдырған ұстазымыз, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің көзі болғанын айтамыз.
Сәуле Мерекеева,
этнограф, музейтанушы