Перейти к содержимому

РАДИАЦИЯ УЫН ЖҰТҚАНДАР ҰМЫТ ҚАЛМАСЫН

18 қаралым

Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Осы бір қасіреттің салдарынан талай адамның өмірі қиылып, мыңдаған азамат түрлі дертке шалдықты. Қырық жылдан астам уақыт бойы құпия жағдайда жүргізілген ядролық жарылыстардың зардабы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың денсаулығы мен тұрмысына әсер етті. Полигоннан жапа шеккен азаматтардың құқығын қорғап, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып, кейінгі ұрпаққа ядролық сынақтың тарихын жеткізуде маңызды рөл атқарып келе жатқан қоғамдық ұйымдар еліміздің әр өңірінде жұмыс істеуде. Соның бірі – Қонаев қалалық «Семей ядролық сынағынан жапа шеккендер» қоғамдық бірлестігі. Осы орайда аталған ұйымның төрағасы Зарыққан Есілбаевқа жолығып, ой бөліскен едік.

– Зарыққан Әбілқасымұлы, өзіңіз жетекшілік ететін қоғамдық бірлестікті құруда алдыға қандай мақсат-міндет қойып, жұмысты неден бастадыңыздар?
– Өзім Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында туып-өстім. Бала кезімде полигонның қасіреті мен зардабын сезбесем де, 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысы құрылғанда көптеген құпия су бетіне қалқып шықты. Ауылда бірнеше адамның ауыр дертке шалдығып, өмірден өтуіне полигонның да себеп болғанын сонда ғана түсінген едім.
Бірлестікті құру туралы 2021 жылы Қонаев қалалық аналар кеңесі төрағасының орынбасары Назым Чажайбаева алғаш рет бастама көтерді. Араға біраз уақыт салып, бастамашыл топ құрылды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары шеңберінде Қонаев қаласы мен оған қарасты елдімекендерге Семей ядролық полигоны аймағынан көшіп келген азаматтардың құқығын қорғау мен оны жүзеге асыру мәселесін қолға алдық. Жаңа ұйымға азаматтарды тарту арқылы олардың әлеуметтік-тұрмыстық, еңбек құқығын және өмірі мен денсаулығын қорғау жұмысы бірте-бірте ілгері баса бастады. Күндер өте келе, полигоннан зардап шеккен адамдар қасымызға топтаса түсті. Бүгінде құрылғанына 5 жыл толып отырған бірлестік 600-ге жуық мүшесі бар үлкен ұйымға айналды.
– Қонаев қаласында ғұмыр кешіп жатқан полигон зардабын тартқан азаматтар 1992 жылы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның игілігін көре алмай жүр дегенді естіп қаламыз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
– Полигонның жабылғанына 35 жыл болса да, өткір мәселелердің түйіні әлі күнге шешімін таппай келеді. 1992 жылы қабылданған заңға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін полигон аймағынан көшіп кеткендерге берілетін жеңілдіктер алынып тасталды. Соның кесірінен Қонаев қаласында тұрып жатқан полигоннан зардап шеккендерге қосымша экологиялық демалыс, емдік шаралар мен дәрі-дәрмектерге жеңілдік берілмейді. Сондай-ақ шипажайға бармайды, жалақысы мен зейнетақысына үстеме ақша қосылмайды. Бұл – Семей ядролық полигоны бойынша жұмыс істеп жүрген зерттеушілердің жинақтаған нақты дерегі. Заң бойынша полигон аумағы «Төтенше жағдайда зардап шеккен», «Радиация қаупі ең жоғарғы», «Көтеріңкі мөлшерде зардап шеккен», «Аз мөлшерлік, ядролық жарылыстар салдарынан тұрмыстық-экологиялық жағдайының төмендеуіне байланысты көмекті қажет ететін» деп аталатын 5 аймаққа бөлініп, сынақ салдарынан зардап шегушілерге жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәліктер берілді. Осы куәлікте «Полигонда болған және Қазақстанның басқа өңірлеріне көшіп кеткендерге зейнетақы алу, еңбек өтілін есептеу бойынша жеңілдіктерді иемдену, қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысын алуға құқылы» деп  айқын жазылған. Одан бөлек «Ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтардың жалақысы мен зейнетақысына экологиялық үстеме ақша қосылады, экологиялық демалыстар беріледі және сауықтыру шипажайларына тегін жіберіледі» делінген. Бірақ Қонаев қаласында тұратын полигон сынағынан зардап шеккен азаматтар ол жеңілдіктерге әлі күнге қол жеткізе алмай келеді. Азаматтарды қорғауға тиіс заң 30 жылдан астам уақыт ішінде түрлі өзгертулермен қысқарып, нақты қажеттіліктерге жауап беруде қауқарсыз күйде қалып отыр.
– Радиоактивті зақымдану аумағында тұрған адамдардың ұрпағы да өмір бойы мемлекет тарапынан тиісті көмек алу қажет деп ойлайсыз ба?
– Иә, полигонның салдарынан пайда болған ауру түрлері тұқым қуалайтындығын ғылыми негізде дәлелдеген ғалымдар мен мамандар ядролық жарылыс кезінде қолданылған плутонийдің радиациялық белсенділігі әр 21 мың жылда жартылай ғана төмендейді. Семей полигоны жеріндегі радиация мөлшері тек миллион жылдан кейін табиғи деңгейге жететіндігін айтып жүр. Улы атомның әсері бірнеше ұрпаққа жалғасатындығын ешкім де жасырып, жаба алмайды. Мысалы, Украинада Чернобыль атом электр стансасындағы апаттан зардап шеккен деп танылғандар мемлекеттік тіркеу жүйесіне енген. Бұл тізімге кезінде апатқа куә болған адамдардың балалары, немерелері мен шөберелеріне дейін кірген. Енді мынаған қараңыз, Семей жеріндегі 470 (кей деректерде 498 ядролық сынақ өткен) ядролық жарылыстан 2500 мегатонна энергия бөлінген. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Жапония жеріндегі жарылыста – 30 мегатонна, ал Чернобыльдан 100 мегатонна қуат бөлінген екен. Осының өзінен-ақ полигон аймағының қандай қасірет шеккенін бағамдауға болады. Мәселен, Жапонияда Хиросима мен Нагасакиде ядролық бомбалаудан зардап шеккендерге мемлекет ай сайын 100 доллардан асатын өтемақы, атомдық сәулеленуге байланысты ауруларды емдеуге арналған арнайы медициналық төлем және денсаулық төлемін жасап отыр.
Қазақстанда қабылданған заңда «Ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен адамдарға қамқорлық көрсету – мемлекеттің міндеті» деп жазылып тұр. Бірақ бүгінге дейін бұл міндет толыққанды орындалған жоқ.
– Алматы қаласындағы «Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь» Екінші дүниежүзілік және Ауған соғысы ардагерлерінің, интернационалист-жауынгерлердің, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар мен Семей ядролық сынағынан зардап шеккен ардагерлердің емделетін орталығы саналады. Осы госпиталь қызметін қаншалықты пайдаланып жүрсіздер?
– Айтсам, нанбайтын шығарсыз. Госпитальға айына 3-4 емделушіні ғана жіберуге мүмкіншілігіміз бар. «Неге аз?» деуіңіз де мүмкін. Жоғары жақтағы басшылар «Полигоннан зардап шеккендердің саны көп» деген шығарыпсалма жауапқа сүйенеді. Ядролық сынақтан зардап шеккендері үшін халық кінәлі емес. Тәуелсіздік алған жылдан бері мемлекет халықтың денсаулығын ойлап, арнайы госпиталь салып, бұл жұмысты оңға қойғанда зардап шеккен азаматтар әркімге жалынышты болмай, емен есіктерге телмірмей, дерттеріне дауа, емдеріне шипа табар еді.
Расына келсек, біз көппіз. Бірақ көп болғанымыз үшін кінәлі болмауымыз керек. Сыртымыз сау болғанымен, ішкі ағзамызды көзге көрінбейтін атом уы күн өткен сайын кеміріп жатыр. «Семей сынақ алаңы» кәріні де, жасты да аяған жоқ. Бірлестік мүшелерінде генетикалық өзгерістерге ұрынған жүйке жүйесі, ас қорыту ағзаларының аурулары, анемия, қан тамырларының әлсіздігі, мидың әлсіз жетілуі, инфаркт сияқты ауру түрлері жиі кездеседі. Ал қатерлі ісік полигон аймағында тұрған адамдарды 76 жылдан бері өлімге тура бастайтын баспалдақ болып отырғанын ұмытуға болмайды. Әзірше біздің көңілімізге демеу болып отырған Алматы қаласындағы госпитальға берілетін карта жолдамасының саны көбейсе деген тілегіміз бар.
– Зардап шеккен азаматтарға мем­лекет тарапынан қандай жеңілдік­тердің қарастырылуын қажет деп санайсыз?
– Ең алдымен денсаулықтарын үнемі тексеріп тұратын емханаларда, оңалту орындарында қолжетімді нақты жеңілдіктер болуы тиіс. Шипажайларға тегін ем қабылдауға жіберуге болады. Қалаішілік қоғамдық көліктерге тегін, Қазақстан Республикасы арасында жүріп-тұру жолақысы 50 пайыздық жеңілдікпен берілсе, коммуналдық төлемдерге, мүлік пен жер салығына жеңілдіктер қарастырылуы керек. Сонда сан жылдардан бері қордаланып келген бірқатар мәселелер оңтайлы шешімін табар еді деп ойлаймын.
Қазіргі кезде елімізге қайтарылып жатқан активтерге мектептер мен балабақшалар, басқа да әлеуметтік нысандар салынуда. Үкімет тарапынан осы активтен қаржы бөлініп, полигоннан зардап шеккендерге арнап госпиталь жобасы қолға алынса, мыңдаған адам алғысын айтар еді. Бұл – бүгінгі күн тәртібіне өзі-ақ сұранып тұрған өзекті мәселенің бірі.
Келіп-кетіп жатқан халық қалаулыларына зарымызды айтып, қолдарына үшбу хатымызды қыстырып жібереміз. «Мәселені көтереміз» деп кеткенімен, солардың мінберге шығып, полигоннан зардап шеккендердің зар-мұңын айтып жатқанын естімеппін. Шынтуайтына келсем, радиацияның уын жұтқандар тасада ұмыт қалып барады.
– Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай қандай іс-шаралар жоспарын белгілеп отырсыздар?
– Қазақта «Шабан үйрек бұрын ұшады» деген мақал бар. Қоғамдық бірлестік болған соң қаражат көзін өзіміз қарастыруымызға тура келеді. Қаңтар айында іс-жоспарымызды бірлестіктің жалпы жиналысында қарап, алғышарттарын белгіледік. Қонаев қаласына қарасты мектеп оқушыларының арасында «Семей полигоны: Оқушылар көзімен» сурет байқауын ұйымдастырдық. 1 маусым – Балалар күніне байқау қорытындысын шығарып, жеңімпаздарға жүлделерін табыстадық. 29 тамызда өтетін салтанатты жиында бірлестіктің өнерлі мүшелерінің бағдарламалық концертін ұсынуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге «Семей полигоны: зауалы мен залалы» атты кітап шығаруды қолға алдық. 70 жастан асқан полигон ардагерлеріне қалаішілік қоғамдық көліктерде тегін жүру туралы қала әкімі Асхат Бердіхановқа хат жазып, ұсыныс түсірдік. Бұл ұсыныс оң шешімін табады деп үміттенеміз. Жыл соңына дейін оқушылармен, колледж студенттерімен және қаладағы қоғамдық ұйым өкілдерімен дөңгелек үстелдер, кездесулер, семинарлар, басқа да іс-шаралар ұйымдастыру ойымызда бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы