Перейти к содержимому

Көненің көзі

18 қаралым

Қазақ халқының дәстүрлі тұрмысында әрбір заттың өзіндік орны мен мәні болған. Соның ішінде саба – халқымыздың қымыз ашытып, сақтайтын қасиетті ыдыстарының бірі. Ол тек тұрмыстық бұйым ғана емес, береке мен молшылықтың, құрмет пен сыйластықтың нышаны ретінде бағаланған.

Қарасай ауданында орналасқан «Анаға құрмет» музейінде сақтаулы тұрған саба – музей қорындағы ерекше әрі құнды экспонаттардың бірі. Жылқы терісінен жасалған бұл жәдігер Абай өңірінен әкелінген. Мамандардың болжамынша, оның жасалғанына шамамен 200 жыл болған.
Сабаны жасау – үлкен шеберлікті қажет ететін күрделі жұмыс. Оны тігу үшін көбіне мініс көрмеген, ауырмаған семіз жылқының немесе серкенің терісі таңдалған. Терінің жүні қырылып, ысталып, талдың қабығымен боялады. Кейін қажетті көлемге қарай пішіліп, түбі кең, аузы тарлау етіп шуда жіппен немесе аттың жалынан есілген жіппен тігіледі.
Дайын болған сабаның ішіндегі жағымсыз иісті кетіру үшін оған айран құйып, бірнеше күн сақтаған. Қазақ мұны «шикі дәмін алу» деп атаған. Одан кейін сабаны керіп, созып, пештің күйесін жағып құрымдаған. Бұл әдіс «құрымдау» деп аталады. Соңында ыдысты майлап, арша, тобылғы немесе қайың түтініне ұстап ыстаған. Осындай өңдеуден өткен тері әрі берік, әрі ұзақ сақталатын болған.
Сабаға қатысты халық арасында көптеген мақал-мәтел мен нақыл сөздер тараған. «Сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» деген мәтел әр нәрсенің өз орны мен өлшемі бар екенін аңғартса, келісті, орнықты әйелдерді халық «бес биенің сабасындай» деп мақтаған. Ал көлемі өте үлкен сабаларды «тай жүзген» деп дәріптеген.
Ертеде үлкен ас-тойларға, салтанатты жиындарға сабамен қымыз апару үлкен мәртебе саналған. Бұл байлықтың, жомарттықтың және құрметтің белгісі ретінде қабылданған. Байлар мен билер сабаның көлеміне ерекше мән берген. Кімнің сабасы үлкен болса, оның ел ішіндегі беделі мен абыройы да жоғары деп есептелген. Осылайша, саба тек қымыз сақтайтын ыдыс қана емес, қазақ қоғамындағы әлеуметтік мәртебенің де көрсеткіші болған.
Қазақ халқы сабаны қасиетті, киелі берекенің тұғыры деп біліп, ерекше күтіммен ұстағаны белгілі. Оны жасатуға тапсырыс берген адамдар шеберлерге жоғары ақы төлеген. Ал бүгінде қымызды сабаға ашытатын үйлер сирек кездесетіндіктен, бұл бұйым да күнделікті тұрмыстан алыстап барады.
«Анаға құрмет» музейінде сақталған екі ғасырлық саба – халқымыздың бай мәдениеті мен тұрмыс-салтын айшықтайтын асыл жәдігер. Ол қазақтың қонақжайлығы мен мырзалығын, дәстүрге деген құрметін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп тұрған тарихи мұра болып саналады.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы