Перейти к содержимому

Зерделі сөз зергері

15 қаралым

Халқымызда соңынан өшпес мол мұра қалдырған қаламгер жетерлік. Соның ішінде Рахметолла Райымқұловтың есімі дара аталады. Өткен ғасырдың әдебиет көшіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты қаламгер, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, драматург әрі аудармашы Рахметолла Райымқұлов сонау 1913 жылы 11 мамырда Өзбекстан Республикасы, қазіргі Ташкент облысы Бостанлық ауданы Қараманас ауылында дүниеге келген.

Қаламгердің әдебиет әлемі­не ұмтылысы Ташкент қаласы­нан басталған. Бастауыш сыныпта Қараманас ауылында молдадан сауат ашып, аудан орталығындағы мектепті бітіргеннен кейін туған ауылынан сол тарихи жылдардағы Шығыс әдебиетінің астанасы атанған Ташкентке 13 жасында жаяу барады. Ол жерде оқуын 1933 жылы аяқтайды. Өзі оқыған мектепке мұғалім болып барады. Жас маманды аупарткомның ұйғарымымен аудан­дық «Алға» газетінің редакторы етіп тағайындайды. 1937 жылы жазушы өзінің досы Әнуарбек Үмбетбаевпен бірге тауар пойызына отырып, Алматыға жетеді. Қаламгердің әдеби ортадағы өмірі осылай басталған. Ол осы жылы Алматыдағы Қазақстан коммунистік журналистер институтында білім алып, оны 1939 жылы бітіріп шығады да, «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналына жауапты хатшы қызметіне қалдырылады. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне ауысады. Сол жылы майданға аттанып, әуелі батыс майданында, кейін шығыс майданында болады.Майдан даласында жүріп көптеген өлендер жазады. Елге 1946 жылдың қаңтарында қайтады. Соғыстан оралысымен Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде очерк және фельетон жанрларынан дәріс оқиды. 1949-1953 жылдарда Полиграфия және баспасөз қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрағасы болып екі рет сайланады. 1953-1961 жылдары «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиетінде» проза бөлімінің меңгерушісі болды. 1971 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросы директорының орынбасары болып істеген.
Жазушының қаламынан туған көркем шығармалар мерзімді баспасөз беттерінде жүйелі түрде жарық көріп отырған. Әдебиеттегі жолын өлеңмен бастаған қаламгер кейіннен келе проза, драма, сатира жанрларында қарымды еңбек етті. Скетч, әңгіме, сын-сықақ, фельетон, роман-повестер жазды. Ол шығармаларында қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді қозғады. Қаламгердің «Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Өліммен беттескенде», «Көкжал», «Бұрылыстар», «Қыз-айна», «Болаттың сынығы», «Қара жорға» атты роман, әңгіме мен повест, хикаяттары, балаларға арналған «Сұр көбелек» кітабы екітомдық және үштомдық шығармалар жинақтары жарық көрді. Сонымен қатар қаламгер С.Айнидің «Бұқара» трилогиясының екі кітабын, Ж.Бұғыбаевпен бірге Мирмухсиннің «Үміт» романын тәржімалаған. Ю.Мухлисовтың «Махаббат» новелласын ұйғыр тілінен қазақшаға, украин жазушысы Олег Гончардың, тағы басқа да жазушылардың әңгіме, новеллаларын аударған. Өзінің де бірнеше туындысы өзбек, қарақалпақ, орыс тілдеріне аударылған. «Ашынған жандар», «Мөлдір аспан», «Бұған сенбе – ертегі», «Әкесінің арқасында» сияқты пьесалары жарияланған. 1959-1960 жылдары облыстық және республикалық жастар театрында Қалмұқан Исабаевпен бірге жазған «Ашынған жандар» спектаклі, 1972 жылы «Мөлдір аспан» атты екі актілі драмасы радио театрында қойылды. 2022 жылы Рахметолла Райымқұловтың «Түйелі адам» повесі­нің сарыны бойынша жазушы-драматург Дулат Исабеков «Мақшар түнгі махаббат» атты мистикалық драма нұсқасын әзірледі. Бұл пьеса Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында сахналанды.
Қаламгердің шығармаларына үңіле отырып байқағанымыз – ешбір жазушыға ұқсамайтын өзгеше стилі бар екені. Оқиғаларды баяндап жеткізуі өте көркем, көңілге қонымды. Әңгімелер желісі тапқыр да ұтқыр ойластырылған. Жазушының қайбір шығармасын алсаң да, бас-аяғы бар, оқырман бойындағы сезімді оятып, көңілін сергітетін шебер пішілген туындылар есебіне жатқызуға болады. Майдан даласын өз көзімен көріп келген қаламы қарымды жауынгер жазушының шығармалары өзінің шынайылығымен оқырман қауымды баурап алады. Өмір мен өлім беттескен шақты көзімен көрген жазушы шығармаларындағы майдан суреттері де өз алдына бөлек әңгіме. Оның кейіпкерлері – жәбір көрген, қиянатқа ұшыраған жандар. Олар ауыртпалыққа мойымайды, жасымайды, түбі бәрібір арман-мақсатына жетеді. Мұндай күй жазушыға қайдан келді десек, ол кісінің өз өмірі де қиындыққа толы өтті. Ата-анадан ерте айырылды, соғысты көрді, бірақ болашаққа үмітпен, сеніммен қарады.
Жазушының қызы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ақтоты Райымқұлова әкесі туралы естелігінде: «Әкем: «Соғысты көрмей-ақ қойыңдар. Ол туралы мен де ештеңе айтпай-ақ қояйын», – деп отыратын. Сол соғыс жылдарында жазған жазбалары қолжазба күйінде мемлекеттік архивте сақталған екен. Оның көбі – майдан даласынан жазған өлеңдері. Ол өлеңдердің бәрі бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған тың дүниелер», – дейді.
Тек қана шығармаларын ғана емес жазушының жүріп өткен өмір жолын, жасаған игі істерін жас ұрпаққа насихаттау – бүгінгі ұрпақ парызы. Әдебиетте өзіндік қолтаңбасымен танылған ол өз заманында Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов, Мұқағали Мақатаев, Қалмұқан Исабаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов секілді ақын-жазушылармен үзеңгілес қатар жүрген. Софы Сматаев, Бақтияр Сманов, Дулат Исабеков секілді жастардың проза әлеміне қанат қағуына да септігін тигізген.
Белгілі жазушы Дулат Исабеков ол кісі туралы: «Рахметолла Райымқұлов – қазақ әдебиетіне жаңаша серпін алып келген тұлға. Оның кез келген туындысы оқырман жүрегінен орын ала білді. Ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Осындай әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған жазушы­ларымызды ешқашан ұмытпауымыз қажет», – деген екен. Ал Мұхтар Мағауин «Ұлттық бояуы қанық» деп шығармаларына өзіндік баға берген.
Қаламгердің жас күні солай арпалыс­пен өтсе, соғыстан кейінгі азамат болған жылдарында бір перзентке зар болғаны тағы бар. Тек 51 жасында ғана Ақтотысын көрген. Бала сүйе алмау бір адамға жетерлік қиындық және үлкейгенде болса да нәрестелі болу осындай сынаққа тап болған адамның бәріне бұйыра бермейтін бақыт. Қаламгердің жары Мәкиза апа: «Рахаң қызы туған соң, маған ешқандай сыйлық та керегі жоқ, марапат та керегі жоқ, менің сыйлығым да, марапатым да осы Ақтотым деп, қызының жанынан шықпай, жазу жазса да, алдына алып отырып, мәз болып жүруші еді», – деп айтып отырған екен.
Рахметолла атамыз 65 жасында қайтыс болғанымен, ғұмырының соңғы 15 жылы шуақты өтті. Ақтотыдай перзенттің бұйыруы – қиындыққа мойымаған адамның түбінде жеңіске жететінінің дәлелі еді. Одан бөлек қаламгердің соңында қаншама өлмес туындылары қалды. Көзі тірісінде бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Өзбек жұрты да сол топырақтан шыққан қаламгерге ерекше ықылас танытып, аудан орталығындағы үлкен көше, туған ауылындағы бір көше мен білім шаңырағын Рахметолла Райымқұловтың атымен атады. Ауданның Құрметті азаматы атағы және бар.
Қорыта айтқанда, Рахметолла Райымқұлов – қазақ әдебиетінің ХХ ғасырындағы біртуар алыптарының бірегейі, ұлттық сөз өнерінің көрнекті зергері. Ол – руханиятымыздың өркендеуіне зор үлес қосқан қабырғалы қаламгер. Жазушының шоқтығы биік шығармалары, мол мұрасы ғасырдан-ғасырға жете бермек.

Алма ЕСЕНБАЙ