Алматы облысының Райымбек, Ұйғыр аудандарында бірнеше танымал тұлғаға ескерткіш орнатылады. Осыған орай облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ескерткіштің таңдаулы жобаларына республикалық ашық конкурс жариялайды. Атап айтқанда, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында мемлекет қайраткері Ораз Жандосовқа, Үлкен Дихан ауылында Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Заманбек Батталхановқа ескерткіш-бюст, Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында жазушы Бердібек Соқпақбаевқа ескерткіш қойылмақ.
Конкурсқа жеке авторлар және авторлық коллективтер қатыса алады. Конкурс орнатылатын ескерткіштің тарихи бейнесін ашып, мүсіндік-көркемдік шешімін табу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ұсынылатын жобалар жоғары идеялық және сәулеттік-көркемдік деңгейде орындалуы тиіс.
Ораз Жандосов пен Бердібек Соқпақбаевқа арналған ескерткіштер жобасына жарияланған байқауға өтініштер қабылдау 2023 жылдың 1-қарашасынан басталып, 15-желтоқсанда аяқталса, Заманбек Батталхановқа арналған ескерткіш жобасының конкурсына өтініш қабылдау 1-қарашада басталып, 20-қарашада аяқталады. Конкурстық жоба ұсыныстарының құрамы мен талаптарын Қонаев қаласы 1 ықшам ауданы № 45-ғимараттағы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы № 23 бөлмеден алуға немесе 8775 6860610 телефоны арқылы білуге болады.
Конкурстың шарттары
Басқа қалада тұратын авторлар жобаларын көрсетілген мерзімнен кешіктірмей, пошталық түбіртектің нөмірін алдын ала хабарлай отырып, мәдениет басқармасының мекен-жайына жіберулері керек.
Конкурс жобалары алты таңбалы санмен белгіленген ұранмен ұсынылады. Ұран байқауға ұсынылған жоба материалдарының, сондай-ақ конверттің оң жақ бұрышына жазылады. (биіктігі 1см). Желімделген ұрандық конвертте авторлардың аты-жөні, тегі көрсетілген ақпараттық парақ салынады.
Түсініктеме жазба ескерткіштің көркемдік шешімі мен кеңістікті ұйымдастыру қағидалары және негізгі идеясы мазмұндалған №14 өлшемді «Times New Roman» шрифтімен бірінші жоларалығымен басылған 2 парақтан аспайтын мәтіннен тұратын, 2 дана болуы керек.
Конкурстың қорытындысы бойынша Конкурстық жобаларды қабылдау және іріктеу жөніндегі комиссия 2023 жылғы 20 желтоқсанға дейін шешім қабылдайды.
Конкурс шарттары сақталмаған жобалар байқауға жіберілмейді және комиссияда қаралмайды.
Конкурстық жоба ұсыныстарының құрамы және ұсынылатын
материалдарды рәсімдеуге қойылатын талаптар:
1.Ескерткіш орнатудың схемалық жоспары масштабы 1:200
2.Ескерткіштің нұсқасы масштабы 1:10
3.Ескерткіштің қасбеттері масштабы 1:10
4.Түсініктеме жазба
Барлық графикалық жұмыстар 60х80 см планшетте беріледі.
Графикалық орындау әдістер: макеттің түсі, техникасы, материалы және мүсін автордың өз қалауы бойынша орындалады.