Кеген ауданындағы А.Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясында жаңа оқу жылының басталуына орай тағылымы мол, тәрбиелік мәні терең шара өтті. Білім ордасында жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүлеймен Мәметке арналған кабинет ашылды.

Салтанатты шараға Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Ұзақов, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Қазақтың қара сөзін қастерлеп, ел мен жердің тағдырын, адам мен қоғамның тынысын қаламына арқау еткен Сүлеймен Мәметтің шығармашылық жолы – кейінгі буынға өнеге. Ол кезінде республикалық баспаларда, соның ішінде ел газеті – «Егемен Қазақстанда» ұзақ жыл еңбек етіп, отандық журналистика мен әдебиеттің дамуына өзіндік үлес қосты. Жазушының еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері. Алматы облысының Құрметті азаматы.
Кабинеттің ашылу рәсіміне жиналған көпшілік Сүлеймен Мәметтің шығармашылық жолына жан-жақты тоқталып, жас ұрпаққа өнеге болар тағылымды ойларын ортаға салды. Қаламгердің өз қаражатына жабдықталған кабинет оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Мұнда заманауи құрал-жабдықтармен қатар, қазақ әдебиеті алыптарының өмірі мен шығармашылығына қатысты арнайы стендтер орнатылған. Әдеби шығармалардан 40-қа жуық кітап қоры бар. Кабинеттің әрбір бұрышы оқушыны ізденіске жетелеп, көркем сөзді бағалауға үндейді. Сондай-ақ бұл жерде әдебиет сабағын ғана емес, қаламгерлермен кездесулер, шығармашылық кештер, әдеби-танымдық шаралар өткізуге де мол мүмкіндік қарастырылған.
Кеш барысында Сүлеймен Мәмет ағамыз мектеп ұжымына және жиынға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Қаламгердің өзі де кезінде осы ауылдағы мектепте бастауыш сыныпта білім алғанын айтып, алтын ұясына деген ыстық ықыласын білдірді. Жас ұрпақты кітап оқуға, білімге ұмтылуға шақырды.
Айта кетейік, Сүлеймен Мәмет ағамыз бұған дейін де Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылындағы О.Жандосов атындағы мектептің бір кабинетін жасақтап, білім ордасына осындай тарту жасаған. Мұндай игі шаралар жас ұрпаққа өнеге болып, елге деген сүйіспеншілікті арттырып, руханияттың өркендеуіне жол ашатыны сөзсіз.
Әлия Нұрелова,
А.Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Кеген ауданы