Перейти к содержимому

«Bizdin auyl» осындай

57 қаралым

Талғар ауданында шағын  фермерлік кәсіпорындар саны жыл сайын артып келеді. Аграршылар тек классикалық өсімдік және мал шаруашылығы ғана емес, сонымен бірге заманауи лаванд фермалары және эко-өнімдерді өсіру сияқты озық бағыттарды да батыл меңгере бастады.  Агробизнесті дамытудың ең қызықты жобаларының бірі – «Bizdin auyl» деп аталатын отбасылық үлгідегі шаруа қожалығы.

Бірегей фермерлік шаруашылық Талғар қаласынан 15 шақырым жерде, Іле Алатауының етегінде орналасқан. Шаруашылық басқарушысы Жеңіс Сатовтың айтуынша, оның фермасы талғарлықтар мен келген қонақтарға отбасылық демалыс орны ретінде белгілі. Шаруа қожалығында жылқы мен сиыр өсіріледі, сондай-ақ табиғи жемістер – құлпынай мен басқа да таза өнімдер өндіріледі. 15 гектар алқаптың  4 гектарында алма ағаштарының плантациясы орналасқан. 1 гектар алқапта таңқурай, тағы 1 гектар жерде құлпынай отырғызылған. Шие көшеттеріне жарты гектар  бөлініпті.

– Шаруашылық 2023 жылы құрылғанымен, оның басталу тарихы тым ерте, сонау Қызылjрда облысында өмір сүріп, өз қолымен жер өңдеп, егіншілікпен айналысқан ата-әжем, әке-шешеммен бірге тұрған кездерден басталады, – дейді Жеңіс Кенішбекұлы.

– Менің ата-анам, сондай-ақ бүкіл ата-бабам ежелден егін салып, мал өсіріп, ет сатумен айналысқан. Кейін  біздің  Кенішбековтер отбасы «Тағам» асханалар желісін құрып, соның негізінде отбасылық кәсіппен айналыса бастады.

Жеңіс мамандығы бойынша – экономист, аудармашы-шығыстанушы. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін «Араб елдерінің экономикасы» мамандығы бойынша бітірген. Оның айтуынша, аға буын адамзаттың асыраушысы саналатын Жер-Анаға деген сүйінпеншілік пен құрметті бүкіл ұрпағының бойына сіңірген.  Кенішбековтар әулетінде 10 бала дүниеге келсе, бүгінде олардан 30-дан астам немере мен 20-дан аса шөбере өрбіп отыр. Бизнестің осындай қызықты түрін ашудың негізгі себебі де осы өскелең ұрпақты еңбекке, туған жерге деген сүйіспеншілікке баулу мақсатынан туған арман-ниетте жатыр. Оның үстіне  ферманың негізін қалаушылар – дүкен сөрелеріндегі барлық өнімдер неге сырттан әкелінеді, неге химикаттардан ада, экологиялық таза өнімді құнарлы  туған топырағымызда  өзіміз өсірмеске деген сұрақты бір-біріне көп қоятын. Дәл осы сұрақ жаңа отбасылық кәсіптің ашылуына басты негіз болды.

Жаңа кәсіп иелері жер телімін саналы түрде тау бөктеріндегі топырағы құнарлы тұстан таңдап алды. Бүкіл бизнес отбасының өз қаражатына құрылды. Жеңістің айтуынша, ол өз бизнесін негізгі үш бағытқа бөлген – аграрлық (өсімдік шаруашылығын дамыту), мүйізді ірі қара мен ұсақ мал шаруашылығы  және тауық пен жұмыртқа өндіруге бағытталған құс шаруашылығы. Соңғы кезде оған тағы бір бағыт – агротуризм қосылған.

Төрт гектар жерді алып жатқан алма бағында «Апорт», «Фуджи», «Айдаред», «Алтын тамаша» сияқты ең сұранысқа ие түрлі сорттар өсіп тұр. Бұдан басқа 14 жылқы, 10 бие, 100 бас қой, 16 сауын сиыр, 10 бордақыда тұрған бұқашық, соғымға арналған 10 жылқы бар. Кәсіп иелері жем-шөпті де сатып алмай, өздері өсіреді. Сондай-ақ, құс өсіретін ферма бар, онда 6 мың ет бағытындағы бройлер, 2 мың жұмыртқалайтын тауық, 500 бас күркетауық пен қаз өсіріледі. Өндірілген өнімдер жергілікті базарларда және Талғар мен Алматы қалаларында сатылады.

Шаруа қожалығының жаңа және экологиялық таза өнімдерге тапсырыс беруге болатын өз колл-орталығы да бар. Әсіресе соңғы бағыт – агротуризм жақсы дамыған және лайықты қызмет түрлерін ұсынады. Ферма аумағында 11 нөмірлі қонақүй, фирмалық тағамдары бар мейрамхана, шатыр астындағы террасса бар. Онда тек тау ауасынан, пейзаждардан ләззат алып қана қоймай, құлпынайдың тіл үйірер табиғи дәмін татып, атқа мініп, табиғатта шай мен кофе ішуге болады.

Бірегей ферма – «Bizdin auyl»-дың басшысы Жеңіс Кенішбекұлы кәсіпкерлікті  дамыту, құнарлы таза өнім тұтыну, ата-бабаларымыз сияқты атқа мініп, денсаулықты нығайтуды насихаттау мақсатында осындай бизнес құрғысы келетін іскер жандармен тәжірибе алмасуға әрқашан дайын.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы