Перейти к содержимому

«Алтын жұмыртқа» брендімен өндіріледі

48 қаралым

   Халық саны еселеп артып келе жатан Алматы қаласы мен Алматы облысын  тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде Қарасай ауданының қосып отырған үлесі қомақты. Бұл қатарда тауық еті мен жұмыртқа өндіретін «Global Logistik Compani» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де үлесі бар.

    Жібек жолы ауылдық округінен екі гектар жер телімін алып, зауыт құрылысын жүргізген аталған  компания 2024 жылдан бастап өз өнімдерін нарыққа шығара бастаған екен. Мұнда бүгіндері 40 мың балапанды күтіп баптайтын ғимарат пен жұмырқа шығаратын 10 мың есейген тауықтарға арналған тағы бір цех жұмыс жасап тұр. Ал, алдағы уақытта 10 мың балапан баптауға қабілетті  тағы бір ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр.

    Өндіріске қажетті бір күндік балапандар негізінен  Өзбекстан мен Ресейден жеткізіледі екен. Ал, оны жұмыртқадан басып шығару үшін арнайы инкубаторлар ашу қажет.  Бағасы қолжетімді әрі тез жеткізілетін болғандықтан осы мемлекеттермен байланыс орнатылған.

    Өнім беруге  қабілетті 10 мың тауықтан күніне 8 мың жұмыртқа шығарылып, негізінен Қарасай мен Жамбыл ауданының тұтынушыларына жол тартады екен. Ал, тауықтардың жасы ұлғая бастағанда оларды етке жіберу дәстүрге айналған.

Үнемі дәрумендері мол жеммен қоректенетін біздің тауықтардың еті   сапасы мен құрамы  жағынан әйгілі бройлер тауықтарынан дәмділігімен  ерекшеленеді,– дейді кәсіпорын директоры Ернар Елубаев.

–  Ал, «Алтын жұмыртқа» брендімен өндірілетін өнімдеріміз тұтынушылардың сеніміне ие болған. Сондықтан өндірілген жұмыртқаны өткізу барысында ешқандай қиындықтар кездеспейді. Үй тауықтары бір жылда 120 жұмыртқа беретін болса, біздің тауықтар 220-230 жұмыртқаға дейін тууға қабілетті. Жер көлемі әзірге осы мөлшерде құс ұстауға мүмкіндік береді. Алдағы уақыттарда мемлекет тарапынан субсидия алатын болсақ,  өндірісті ұлғайту жостары да бар.

    Кәсіпорында бүгіндері тұрақты түрде 8 адам еңбек етеді екен. Ал, қажет болған жағдайда жалдамалы жұмысшылар алу қарастырылған. Осылайша аз күшпен көп әрі күнделікті тұрмыста аса қажет азық өнімін өндіру жақсы жолға қойылған.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы