Перейти к содержимому

Сарыбастаудағы сауапты іс

51 қаралым

Райымбек ауданында мұқтаж отбасыларды қолдауға бағытталған қайырымдылық шарасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осындай игі бастамаға Сарыбастау ауылының тұрғындары да белсене үн қосып, көпке үлгі боларлық іс атқарды. Ата-баба аманатына адал, ұлттық құндылықтар мен ізгілік дәстүрін берік ұстанған ауыл азаматтары тұрмысы төмен екі отбасыға жалпы саны 60 бас қой сыйға тартты.

Мұндағы басты қағида – бүгін бір отбасына қолда көрсетілсе, келесі кезекте басқа жанұяға жәрдемдеседі. Қаражат ауыл тұрғындарының ортақ үлесімен жиналып, оған мал сатып алынады. Бұл жолы екі отбасыға 30 қойдан табысталды.

Игі шараға Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы, Ұзақ батыр ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Қайратұлы,  ауыл имамы Манап Исабол қатысып, сауапты іске атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.

– Зекет – адамның жүрегін тазартады. Ол мұсылманды сараңдықтан арылтып, өзгеге жанашырлық танытып, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға тәрбиелейді. Сондықтан мұндай қайырымдылық шаралары қоғамдағы бірлік пен бауырмалдықты нығайтады, – деді ауыл имамы Манап Исабол. Аудан әкімінің орынбасары Дидар Нұрболұлы да жүрекжарды лебізін жеткізді.

Бұл қайырымдылық шарасы тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен демеу болды.  Оларға мал басын көбейтіп, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік берілді. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы жанашырлық пен өзара қолдау мәдениетін нығайта түсетіні анық.

– Ауыл азаматтарының игі іске ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеткеніне шынайы алғысымды білдіремін. Жасаған жақсылықтары өздеріне еселеп қайтып, отбасылары аман, ырыс-берекесі арта берсін. Баққан малдары көбейіп, еңбегінің жемісін көрсін. Осындай қайырымды бастамалар үзілмей, жыл сайын жалғасын таба берсін, – деді ауыл тұрғыны Ұлан Шаяров.

Ауыл азаматтарының айтуынша, қайырымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіледі. Жалпы Райымбек ауданында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны жыл сайын азайып келеді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы