Перейти к содержимому

584 тонна қоқыс шығарылды

51 қаралым

Алматы облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Бүгін облыс аумағында «Таза бейсенбі» тазалық акциясы ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, өңір жастары және еріктілер қатысты.
Табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу мақсатындағы бұл шараға қатысушылар таңмен таласа Қонаев қаласындағы 10-шағын ауданындағы тұрғын үй кешендерінің маңын қоқыстан тазартып, бірлесе әрекет етудің жарқын үлгісін көрсетті.
Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, жыл басынан бері тазалық жұмыстары 29 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 680 мыңнан астам адам қатысып, 15 334 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қоса 8 921 гектар аумақ тазаланған. Басқарма өкілерінің айтуынша, бүгінгі тазалық шарасына 24 930 адам қатысып, 584 тонна қалдық шығарылып, 319 гектар аумақ тазартылған.

– Бүгінгі шара тек Қонаев қаласы ғана емес, облыстағы барлық елдімекендерде ұйымдастырылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бізде сенбіліктердің жоспары бекітілген. Сол жоспарға сай әр апта сайын көшелер жиналады. Қазірге дейін 5 мыңнан аса көше тазаланды. Жыл соңына дейін тағы 6 мың көше тазартылады. Ал бүгін ықшамаудан маңын реттеп, осындағы жанға жайлы орта жаратуға күш салдық, – деді кезекті тазалық шарасының маңызы сөз еткен облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мамандары.
2026–2030 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Бүгінгі экологиялық акциялар мемлекеттік бастамалардың нақты нәтижесін көрсетіп қана қоймай, қоғамның ортақ іске жұмыла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы