Қырбалтабай ауылдық округінде «Жасыл Ел» жастар жасағының қатысуымен үлкенге құрмет көрсетуге, қарттарға қамқорлық танытуға бағытталған игі іс-шара өтті.
Жасақ мүшелері ауылдағы жалғызбасты қарт әженің үйіне арнайы барып, қыс мезгіліне қажетті отын-көмірін дайындауға қолғабыс көрсетті. Жастар ағаш жарып, қыста жағатын отын мен көмірді қораға жинады. Сонымен қатар қарттың ауласын тазалап, күл-қоқысын шығарды.
Жастардың бұл бастамасы – аға буынға деген құрметтің, жанашырлық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Қарияның күнделікті тұрмысына қолдау көрсетіп, ауыр жұмысына көмектесу арқылы жастар үлкенге ізет көрсетудің маңызын тағы бір мәрте танытты.
Өз кезегінде әжей жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Қарияның алғысын алып, батасына бөлену – жас ұрпақ үшін үлкен мәртебе әрі рухани тәрбие мектебі.
«Жасыл Ел» жастарының осындай қайырымды бастамалары өскелең ұрпаққа мейірімділік, жауапкершілік, өзара көмек және үлкенді сыйлау сынды құндылықтарды дәріптеуге ықпал етеді.
Қарттарымыздың ақ батасы – жастарымызға бағыт-бағдар, береке мен күш-қуат болсын!
Үлкенге құрмет көрсету, қарттарға қамқор болу – баршамызға ортақ адамгершілік парыз.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы