Жаңа оқу жылы басталуымен жол қозғалысы да артады. Осыған орай Еңбекшіқазақ ауданында қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Аудан елді мекендеріндегі білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдерінің жол таңбалары жаңартылып, қайта сызылды.
Аталған жұмыстардың негізгі мақсаты – оқушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік жүргізушілерінің назарын жаяу жүргіншілер өткелдеріне аудару.
Қазіргі таңда мектептер мен білім беру нысандарына жақын орналасқан жол учаскелеріндегі жаяу жүргіншілер өткелдерінің жағдайы кезең-кезеңімен ретке келтірілді. Өшіп, көмескіленген жолақтар қайта сызылып, жол қозғалысына қатысушыларға анық көрінуі үшін тиісті жол таңбалары жаңартылды.
Әсіресе, оқу жылы басталған тұста мектеп оқушыларының таңертеңгі және түстен кейінгі уақытта жол қозғалысына белсенді қатысатыны ескеріліп, білім беру ұйымдарының маңындағы қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріліп жатыр.
Осы ретте жүргізушілерге білім беру ұйымдарының маңында көлік жылдамдығын төмендетіп, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне ерекше назар аудару ұсынылады. Ал ата-аналарға балаларға жолдан өту кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын үнемі түсіндіріп отыру қажет.
Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Сондықтан жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігі мен сақтығы мектеп оқушыларының қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етудің басты кепілі болып қала береді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы