Перейти к содержимому

Баспасөз хатшысының байыпты сөзі

31 қаралым

         Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы тұрғындарды елдімекен тазалығын сақтауға шақырды. Ол әлеуметтік желіде  ауданның барша тұрғыны мен кәсіпкерлердің назарын тазалық мәселесіне аударды.

         «Туған жердің тазалығы мен көркі – әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады. Қолымыздағы қоқысты кез келген жерге тастамай, арнайы жәшікке салуды, үйіміздің және ауламыздың айналасын таза ұстауды қалыпты әдетке айналдырғанда ғана таза әрі көрікті ауыл қалыптастыра аламыз. Аудан орталығы – барша Жамбыл жұртының ортақ үйі, ауданымыздың айнасы. Сондықтан көшелердің, саябақтар мен демалыс орындарының тазалығына бейжай қарамайық. Әсіресе демалыс күндері және кешкі уақытта серуендеген орындарымызды ластамай, өзімізден кейін қоқыс қалдырмауға шақырамын», – деді ол.

         Баспасөз хатшысы сондай-ақ кәсіпкерлерге де сөзін арнады.  Ол кәсіпкерлерді сауда және қызмет көрсету нысандарының айналасын үнемі таза ұстауға, қоқыстың бейберекет жиналуына жол бермеуге, санитарлық тазалық талаптарын сақтауға шақырды.

         – Кәсіпкерлік нысанның маңындағы тазалық – тұтынушыға деген құрметтің және қоғамдық жауапкершіліктің белгісі. Тазалық тек сенбілік кезінде атқарылатын жұмыс емес. Ол – әр тұрғынның күнделікті мәдениеті мен туған жерге деген жанашырлығы. Таза аудан – өзімізден басталады! Ортақ үйімізді бірге таза ұстайық,– дейді Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.

Серік ӘШІМБЕКҰЛЫ

Жамбыл ауданы