Перейти к содержимому

Түнгі рейдтер тұрақты жүргізілуде

64 қаралым

Алатау қаласында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі мақсатымыз – құқықбұзушылыққа бейім балаларды ерте анықтау, олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізу және баланың қауіпсіз ортасын қалыптастыру.
Қала әкімдігінің ақпаратына сүйенер болсақ, 2026 жылы білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 57 кәмелетке толмаған бала мектепішілік есепке алынып, әр бала бойынша жеке профилактикалық карталар толтырылған. Бұл балалардың жағдайы, мінез-құлқындағы өзгерістер, сабаққа қатысуы, отбасылық жағдайы және тәуекел факторлары жеке бақылауға алынған.
– Мектеп әкімшілігі, психологтар, әлеуметтік педагогтар және ювеналды полиция қызметкерлері тарапынан осы балалармен тұрақты түрде жеке кездесулер, түсіндіру жұмыстары және профилактикалық әңгімелер жүргізілуде. Сонымен қатар ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен байланыс орнатылып, баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер жеке қаралады. Бұдан бөлек, түнгі және күндізгі рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, қоғамдық орындарда қараусыз қалуы, ойын-сауық орындарына баруы, сондай-ақ құқықбұзушылық жасауға ықпал ететін өзге де жағдайлар тексеріледі. Рейд барысында тек құқықбұзушылықты анықтау емес, алдын алу және түсіндіру жұмыстарына басымдық береміз. Ата-аналарға қолданыстағы талаптар түсіндіріліп, балалардың қауіпсіздігіне қатысты профилактикалық ұсынымдар беріледі. Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттық буклеттер, брошюралар және жадынамалар таратылып, құқықтық жауапкершілік, буллингтің, нашақорлықтың, зиянды әдеттердің және басқа да қауіптердің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай ақпараттық жұмыстар мектептерде ғана емес, жастар көп шоғырланатын қоғамдық орындарда да ұйымдастырылады. Маңызды бағыттардың бірі – FSM жүйесі арқылы келіп түсетін сигналдармен жұмыс. Кәмелетке толмаған балаға қатысты қандай да бір қауіп, әлеуметтік қиындық, отбасылық мәселе немесе басқа да тәуекел белгісі анықталған жағдайда, тиісті сигнал қаралып, жауапты мамандарға жолданады. FSM сигналы түскеннен кейін жағдай тек тіркеліп қоймай, баланың нақты жағдайын зерделеу жұмысы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мекенжайға бару, ата-анамен әңгімелесу, мектептен ақпарат алу, психологтың қорытындысын қарау және басқа да мамандарды тарту жүзеге асырылады. Яғни біздегі жұмыс тетігі: сигналды қабылдау – жағдайды анықтау – баламен және отбасымен сөйлесу – тәуекелді бағалау – тиісті көмек көрсету – кейінгі бақылау. Бұл тәсіл мәселені асқындырмай, ерте кезеңде шешуге мүмкіндік береді.
Отбасымен жұмысқа да ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік жағдайы күрделі, ата-аналық бақылауы төмен немесе бала тәрбиесіне байланысты проблемалары бар отбасылар профилактикалық бақылауға алынып, олармен әлеуметтік-психологиялық және құқықтық бағытта жұмыс жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мобильді топтар барып, отбасының тұрмыс жағдайын зерделейді. Мұндай жұмыс Отбасын қолдау орталығымен, білім беру ұйымдарымен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізіледі. Бұл бағыттағы материалдарда әлеуметтік тәуекелдегі отбасыларға мобильді топ арқылы бару және ата-аналармен жеке профилактикалық жұмыс негізгі тетік ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де назарда. Балаларды спорт секцияларына, үйірмелерге, шығармашылық және қоғамдық іс-шараларға тарту арқылы олардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау – профилактиканың маңызды бөлігі. Қала бойынша рейдтік және ведомствоаралық жұмыстар да жалғасуда. 2026 жылғы 8 айда 6 ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді, ал жұма және демалыс күндері түнгі рейдтер тұрақты жүргізілуде,– дейді Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Несіпбаева.
.
Ерзат АСЫЛ