Биылғы шомылу маусымында Қапшағай жағалауына 2 млн демалушы келіп, туристер легі бойынша жаңа рекорд орнады. Ең бастысы, жағажай күнделікті тазаланып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін құтқарушылар тәулік бойы қызмет етті. Ал талаптарды сақтамаған 91 адамға әкімшілік шара қолданылып, оларға 1 млн 935 мың теңге айыппұл салынды.
Меймандардың жайлы демалысы үшін жаз бойы жағажайларды жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту шаралары атқарылды. Мәселен, №6 және №7 жағалаудағы құрылыс жұмысы аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Жоба аясында ауыз су және кәріз жүйелері тартылып, қуаттылығы 380 кВт трансформатор орнатылды. Сонымен қатар 56 кәсіпкерлік нысан, шағын сәулеттік орындар, спорт алаңдары, жаңа санитарлық тораптар мен шатырлар халыққа ыңғайлы жағдай туғызды. Шомылу маусымында мұнда 16 құтқарушы демалушылардың қауіпсіздігін күзетіп, 17 бейнебақылау камерасы жұмыс істеді. Жаз бойы осы аумақтан 975 тонна қоқыс шығарылды. Солтүстік жағажайды да жақын арада ашу жоспарланып отыр.

Биыл №4 жағалауға инвестор тартылып, абаттандыру жұмысы басталды. Алдағы уақытта мұнда сәулеті келіскен мейрамхана бой көтереді.
Бүгінде Қонаевтағы №5 жағажай туристер үшін ең қолайлы орынға айналған. Демалыс күндері мұнда 4-5 мыңға жуық адам жиналды. Тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мәдени және спорттық шаралар да ұйымдастырылды. Екі рет флайборд-шоу өтіп, шомылу маусымы «JAGALAU FEST» мерекелік концертімен қорытындыланды. Тазалық пен қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінді. Аумақты тазартуға күнделікті 20-дан астам қызметкер тартылып, қатердің алдын алу үшін 26 құтқарушы жұмылдырылды.

Қонаевтағы жаз қызығы мәдени және спорттық іс-шаралармен де толықты. Дәстүрге айналған «Aspan FEST», халықаралық «Oceanman» ашық суда жүзу сайысы, «Krida Open Water» республикалық турнирі, «ASP ARENA»-дағы концерттер және Орталық Азияның дрифт-шоуы мыңдаған көрерменнің басын қосты. Алдағы бес жылда Қапшағай су қоймасында «Формула-1» дүниежүзілік жарысын өткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда шаһарда 140-тан астам демалыс орны бар. Шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлар, полиция мен әкімдік мамандары бірлесіп, тұрақты рейдтер жүргізді.
Осылайша, Қонаевта атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында туристер саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Қонаев қаласы