Перейти к содержимому

Жылыту маусымына дайындық

50 қаралым

Қонаев қаласында 2,3 шақырым  магистральді жылу желісі жаңғыртылуда. Тозығы жеткен құбырлар «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыстырылып жатыр. Қаржы Үкімет резервінен бөлінді.

Құрылыс алаңында 40-қа жуық жұмысшы мен 15 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда жөндеу жұмысының тең жартысы аяқталды. Жылыту маусымына дейін құбыр толық төселеді.

«Қонаев қаласында 2026-2027 жылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде екі жоба іске асырылуда. Ұзындығы 2,3 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмысы Қонаев, Сейфуллин, Абай көшелеріне жүріп жатыр. Оның ішіндегі Қонаев пен Сейфуллин көшесінің қиылысында 500 метр жерге,  ал Сейфуллин-Абай көшесіндегі 1,3 шақырым аумаққа диаметрі 630 мм құбыр қойылады. Ал Абай көшесіндегі 500 метр жерге диаметрі 426 мм болатын құбыр орнатылады.  Қазіргі таңда жұмыстың 53 пайызы аяқталды», – деді «Қонаев жылу орталығы» МКК директоры Ержан Шоқан.

Шаһардағы көпқабатты тұрғын үйлерге жылу осы желілер арқылы таратылады. Сондықтан бұл жұмыстардың халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін маңызы зор. Алдағы уақытта да қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жалғасады.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы