Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қонаевта заманауи бактериологиялық зертхана ашылды

Қонаевта заманауи бактериологиялық зертхана ашылды

69 қаралым

Қонаев қаласының көпбейінді ауруханасында заманауи бактериологиялық зертхана жұмысын бастады. Жаңа бөлімше инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын анықтап, олардың антибиотиктерге сезімталдығын зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге тиімді емдеу тәсілін жедел таңдауға жол ашады.

Зертхананың ашылу салтанатына Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.

«Микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімділігін дер кезінде анықтау тиімді ем тағайындауға мүмкіндік береді. Зертхананың ашылуы – медициналық инфрақұрылымды дамыту және облыс тұрғындарының денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам», – деді Ержан Сүлейменов.

Зертхана Шеңгелді ауылында орналасқан. Алайда пациенттерге ол жерге барудың қажеті жоқ. Биоматериалды алу Қонаев қаласының көпбейінді ауруханасында жүргізіліп, кейін үлгілер қажетті талаптар мен температуралық режим сақтала отырып, зертханаға күн сайын жеткізіледі.

Зертханада АҚШ-тағы Becton Dickinson компаниясы шығарған микроорганизмдерді сәйкестендіруге және олардың бактерияға қарсы препараттарға сезімталдығын анықтауға арналған BD Phoenix M50 автоматтандырылған жүйесі орнатылған.

Зертхананың жұмысын Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде арнайы дайындықтан өткен бес маман қамтамасыз етеді.

Зерттеу нәтижелері Damumed және Smart Lab цифрлық жүйелеріне біріктіріледі.