Перейти к содержимому

Заңға құрмет — қоғамға құрмет

41 қаралым
жаңа конституция

Заң мен тәртіп – кез келген қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Азаматтардың құқықтары қорғалып, міндеттері орындалған жерде өзара сенім де, қоғамдық жауапкершілік те қалыптасады. Сондықтан заң талаптарын сақтау тек мемлекеттік органдардың емес, әр азаматтың ортақ міндеті.

Қоғамдағы тыныштық ең алдымен қарапайым тәртіптен басталады. Жол қозғалысы ережесін сақтау, қоғамдық орында әдептілік таныту, өзгенің мүлкіне қол сұқпау, айналаға зиян келтірмеу – заңға деген құрметтің күнделікті көрінісі.

Бүгінде құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Азамат өз құқығын білген сайын түрлі құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік көбейеді. Сонымен қатар заңды білу адамның өзгенің құқығын құрметтеуіне де ықпал етеді.

Заң талаптарының баршаға бірдей болуы – әділетті қоғамның басты қағидаларының бірі. Қандай жағдайда да мәселені күшпен немесе заңсыз жолмен шешуге болмайды. Келіспеушілік туындаған кезде құқықтық тетіктерге жүгіну – өркениетті қоғамның белгісі.

Құқық қорғау органдарының жұмысы да тек құқық бұзушылық жасаған адамды жауапкершілікке тартумен шектелмейді. Қылмыстың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды бағыттардың бірі.

Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі. Заңды сыйлап өскен ұрпақ қоғамдық тәртіпті сақтауға да бейім болады.

Заң мен тәртіп орныққан елде азаматтың да ертеңге сенімі нық. Сондықтан заң талаптарын сақтау – жазадан қорқу емес, өзіңнің және өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.

Құралбек СӘБИТҰЛЫ