Перейти к содержимому

Аманатқа адалдық

14 қаралым

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, ана тілі – ұлттың рухани болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Сондықтан тіл мәселесі қашанда өзектілігін жоймайды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру ең алдымен оның қолданыс аясын кеңейтіп, тіл тазалығына мән беруден басталады. Ақын Мұхтар Шахановтың «Тіл үшін күрес – күрестердің ұлысы» деген сөзі де осы жауапкершілікті аңғартады.

Қазақ тілінің ғылым мен білімнің, өндіріс пен технологияның, қоғамдық өмірдің барлық саласында еркін қолданылуына жағдай жасау – уақыт талабы. Бұл бағытта әртүрлі салада қате қолданылып жүрген немесе мағынасы дәл берілмеген терминдерді жүйелі түрде саралап, тіл мамандары мен ғалымдардың талқылауына ұсыну маңызды. Осы мақсатта мамандар мен қоғам өкілдері бас қосып, тіл қолданысындағы мәселелерді ашық талқылайтын тұрақты алаңдардың болғаны тиімді. Көрнекі ақпараттың сауатты жазылуы да – тіл мәдениетінің көрсеткіші. Көшелердегі жарнамалар мен қоғамдық орындардағы жазбаларда кездесетін қателерге жол бермеу үшін тіл мамандарының әдістемелік көмегін күшейткен жөн. Әсіресе мейрамхана, дәмхана, асханалардағы ас мәзірлерінің қазақ тілінде сауатты әрі түсінікті берілуіне қатысты кәсіпкерлерге арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленсе, бұл да оң нәтиже берер еді.
Тіл-оқыту орталықтарының мүмкіндігін де тиімді пайдалану қажет. Мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін қызметкерлерге іс қағаздарын мемлекеттік тілде сауатты жүргізу бойынша оқыту курстарын ұйымдастырумен қатар, күнделікті жұмыс барысында туындайтын тілдік және аударма мәселелеріне әдістемелік қолдау көрсету – маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде ақпараттық технология қарыштап дамып, әлеуметтік желі күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе мессенджерлерде қазақ тіліндегі жазбалардың сауаттылығына мән бере бермейтініміз байқалады. Сөздерді қысқартып жазу, емле ережелерін елемеу, ойды тек смайлик пен түрлі белгілер арқылы жеткізу қалыпты әдетке айналып барады. Бұл – тіл мәдениетіне назар аударуды қажет ететін мәселе. Жастардың тілге деген қызығушылығын арттыру үшін қазақ тіліндегі сапалы контент көлемін арттыру маңызды. Қызықты әндер мен фильмдер, мазмұнды кітаптар, заманауи әрі пайдалы цифрлық өнімдер көбейген сайын тілдің де қолданыс аясы кеңейе түседі. Себебі тілді үйретудің ең тиімді жолдарының бірі – оны күнделікті өмірде қажетті әрі қызықты құралға айналдыру. Сонымен қатар қала мен аудан орталықтарындағы билбордтар мен көрнекі ақпараттардың орфографиялық және стильдік тұрғыдан дұрыс жазылуына тұрақты түрде назар аударған жөн. Бұл ретте тіл мамандары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді түзетуге әдістемелік көмек көрсетілсе, тіл мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етері сөзсіз.
Ана тілі – ардың айнасы, ұлттық болмыстың өзегі. Сондықтан тіліміздің қадірін арттыруды өзгеден күтпей, өзімізден бастайық!

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ