Талғар ауданында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, КСРО спорт шебері Тұрсынғали Еділовтің жүлдесіне арналған бокстан V ашық республикалық турнир өтті.
Аудандық №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне еліміздің әр өңірінен және Қырғыз Республикасынан 2011-2012 жылдары туған 200-ден астам боксшы жиналды. Жас спортшылар 42 келіден 80 келіден жоғары салмақ дәрежесіне дейінгі жүлделерді сарапқа салды.
Тұрсынғали Еділовтің бапкерлік жолы – қазақстандық бокс тарихындағы ең жарқын кезеңдердің бірі. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында Тұрсынғали Еділов баптаған ұлттық құрама ел спортының шежіресіне алтын әріптермен жазылған нәтиже көрсетті. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері бірден төрт салмақ дәрежесінде Олимпиада финалына жолдама алып, нәтижесінде екі алтын және екі күміс медаль иеленді.
Турнирдің ашылуында жас спортшыларға ақ тілегін білдірген Тұрсынғали Еділов чемпион болу жолы бір ғана жеңістен емес, күнделікті еңбектен басталатынын атап өтті.
«Мен әрқайсыңызға бұл турнирде жеңіске жетуді ғана емес, боксқа деген шынайы сүйіспеншілікті тілеймін. Медаль – бір жарыстың нәтижесі, ал спорттық мінез жылдар бойы қалыптасады. Мықты қарсыластан да, жеңілістен де қорықпаңыздар және әр жекпе-жектен кейін міндетті түрде сабақ алуға тырысыңыздар. Жаттықтырушыларыңызды, ата-аналарыңызды және қарсыластарыңызды құрметтеңіздер. Араларыңызда болашақ Қазақстан және Олимпиада чемпиондары болуы мүмкін. Өздеріңізге сеніп, көп еңбектеніңіздер. Үлкен спортта бұдан басқа жол жоқ», – деді Тұрсынғали Еділов.
Жас боксшылар үшін бұл турнир шеберлік пен дайындық деңгейін саралайтын маңызды додаға айналды. Әрбір жекпе-жекте спортшылар жылдамдық, дәлдік, тактикалық ойлау және жинақылық танытуға тырысты.
Турнир қорытындысы бойынша Алматы облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Өңір спортшылары 52 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 13 алтын, 14 күміс және 25 қола медаль бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және арнайы медальдармен марапатталды.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Талғар ауданы