Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Президенттің жылдағы Жолдауларындағы басты тапсырмаларының бірі – тұрғындарды ерінбей еңбек етуге шақырып, бәсекеге қабілетті кәсіп жасауға үндеуі. «Golden Maken» компаниясы осы сенім үдесінен шығып, мемлекет межесін бағындыруға жұмыс істеп келеді. Қарасай ауданына ірге тепкен кәсіпорын өзіндік бренд қалыптастырып үлгерді.
Ермек Ықыласов 2010 жылы «Golden Maken» компаниясының негізін қалады. Алғашқы кезеңде кәсіпорын жұмсақ жиһаз өндірді. Шағын ұжымнан басталған іс біртіндеп кеңейіп, өндірістік мүмкіндіктері артты. «Базарда сауда жасап көрдім. Бірақ өз өндірісің болған кездегідей алға жылжу болмайды», – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлік жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – 2008 жылы Шамалған ауылынан 1 гектар жер телімін сатып алуы. Кейін бұл аумақ компанияның өндірістік базасын дамытуға негіз болды. 2014 жылы кәсіпкер алғаш рет Алматы облысындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына ие болып, қаржыны өндірістік нысан салуға және бизнесті кеңейтуге бағыттады. Ал 2016 жылы «Даму» қорының жеңілдетілген несиесі арқылы екінші рет қолдау алып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік алды.

Өткен жылы кәсіпорын өніріс қуатын арттыруға байланысты замануи құрал-жабдықтар сатып алу үшін қайтадан мемлекеттік қолдауға жүгінді. Алматы облысындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында компания 12,6 пайыздық мөлшерлемемен Bereke банк арқылы үшінші рет қаржылай қолдауға ие болды.
Ермек Ықыласовтың айтуынша, «Даму» бағдарламасының басты артықшылықтарының бірі – кәсіпкерлерге тиімді шарттармен және төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржылануға мүмкіндік беруі.
Бүгінде «Golden Maken» – жиһаз өндірісінің толық циклін жолға қойған кәсіпорындардың бірі. Мұнда жиһаздың әртүрлі түрлері өндіріліп, тұтынушылардың сұранысына сәйкес жеке тапсырыстар да қабылданады. Кәсіпорында 25 адам еңбек етеді, ал өндірістік базаның жалпы аумағы 4 000 шаршы метрді құрайды. Қазір компания есік, баспалдақ, үстел, орындық, көптеген үй жиһаздарын және басқа да өнім түрлерін шығарады. Сонымен қатар жеке тапсырыстар бойынша тұтынушының талаптары мен өлшемдеріне сай қызмет етеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, олар өнім сапасына ерекше мән береді. Өндірісте табиғи ағаш, соның ішінде қарағаш, сондай-ақ ЛДСП, МДФ және акрил секілді материалдар пайдаланылады. Компанияның өндірістік мүмкіндігі ірі көлемдегі тапсырыстарды орындауға және дайын өнімнің сапасын өндірістің барлық кезеңінде бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде «Golden Maken» өндірістік қызметін растайтын СТ-KZ индустриялық сертификатына ие. Сонымен қатар компания Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне (КТП) енгізілген. Бұл кәсіпорынның Қазақстан аумағында өнім өндіретін отандық тауар өндіруші ретіндегі мәртебесін көрсетеді. «Қазір компания өнімдерін Қазақстанның ірі қалаларымен қатар, ТМД елдеріне де экспорттай бастадық. Қазір Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен, сондай-ақ Германиямен іскерлік байланыстарымыз қалыптасты. Ең бастысы – адал еңбек ету. Тынбай еңбектенген кезде ғана нәтиже болады. Бұл іспен айналысып келе жатқаныма 16 жыл болды, ал жеке өндірісімді ашқаныма 10 жылдан асты. Инфляцияға қарамай, өз ісіңді дамытуға ұмтылу керек»,– дейді кәсіпкер.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ