Перейти к содержимому

Шалкөде құпиясы

33 қаралым

 

Райымбек ауданындағы Шалкөде жайлауында Батыс Түрік қағанаты дәуіріне жататын алып ғұрыптық-мемориалдық кешен зерттеліп жатыр. Археологтар бұл нысан арқылы көне түркілердің қағандарын қалай құрметтегенін, қандай діни рәсімдер жасағанын және сол дәуірдегі билік пен рухани дүниетанымның байланысын анықтауға тырысуда.

Биыл шілде-тамыз айларында Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары «YNTYMAQ CORPORATION» компаниясының қолдауымен кешен аумағында далалық археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Алдағы зерттеулер барысында ескерткіштің құрылымы, сәулеттік ерекшеліктері және қызметі туралы жаңа деректер жинақталмақ.

Шалкөде кешенінің жалпы аумағы – шамамен 2,4 гектар. Кешеннің көлемі ғана емес, сәулеттік құрылымы да таңғалдырады: негізгі тас құрылыстың көлемі 72,8×68 метрге, ал сақталған бөлігінің биіктігі 3 метрге дейін жетеді. Онымен байланысты рәсімдік дәліз-құрылымның көлемі 42,7×58,2 метр. Екі нысан біртұтас сәулеттік кешенді құрайды.

Ежелгі түркі жазба деректерінде қоғам үшін ерекше маңызы бар тұлғаларды ұлықтауға арналған қасиетті кеңістікті barq (барқ) деп атаған. Мұндай кешендер кездейсоқ жерге салынбаған. Көбіне айналасын тау қоршаған, өзен немесе басқа да табиғи нысандарға жақын ерекше ландшафт таңдалған.

Мемориалдық кешендер қағандар, тегіндер, тархандар мен шадтар сияқты түркі қоғамындағы жоғары мәртебелі тұлғалардың құрметіне тұрғызылған. Сондықтан Шалкөдені зерттеу арқылы бір ескерткіштің тарихын ғана емес, тұтас дәуірдің қоғамдық құрылымы мен дүниетанымын түсінуге болады.

Шалкөде кешенінің негізгі бөлігі – күрделі жоспарланған көпқырлы тас құрылыс. Зерттеушілердің пайымдауынша, дәл осы жерде қағанның бейнесін құрметтеуге арналған салтанатты рәсімдер мен құрбандық шалу ғұрыптары өткізілген. Бұл жерде бір маңызды жайт бар: көне түркі қоғамында қаған жай ғана ел басшысы болған жоқ. Оның билігі діни және дүниетанымдық түсініктермен тығыз байланысты болды. Сондықтан қаған қайтыс болғаннан кейін өткізілген рәсімдер оның рухын еске алумен ғана шектелмеген. Көне түркілердің түсінігінде билеушінің өлімі қоғамдағы қалыпты тәртіптің бұзылуына әкелуі мүмкін еді. Сондықтан арнайы рәсімдер арқылы Тәңірінің рақымына ие болу, дүниедегі үйлесімді қалпына келтіру және қоғамның тұрақтылығын сақтау көзделген.

Кешеннің үш жағы таумен қоршалған, жанында өзен ағып жатқан, батысы Кеген аңғарына қарай ашық ортада орналасуы да кездейсоқ емес. Көне түркілер үшін тау, өзен, аспан және басқа да табиғи нысандардың өзіндік киелі мәні болған. Сондықтан Шалкөде кешені діни рәсімдер өтетін орын ғана емес, табиғат пен адам, билік пен руханият тоғысқан ерекше кеңістік ретінде қарастырылады. Мұнда өткізілген рәсімдер көне түркілердің әлемдегі тәртіп пен үйлесім туралы түсініктерін бейнелеген. Қағанды қастерлеуге қатысты ғұрыптар және табиғи-күнтізбелік циклдерге байланысты жосын-жоралардың  барлығы сол кездегі дүниетанымдық жүйенің өзара байланысты бөліктері болған.

Археологтар үшін Шалкөденің ең үлкен құндылығы – оның көне түркі қоғамының көзге көрінбейтін қырларын зерттеуге мүмкіндік беруінде. Тас қабырғалар мен архитектуралық құрылымдар арқылы ғалымдар көне түркілердің құрылысты қалай салғанын, қандай сәулеттік шешімдер қолданғанын анықтай алады. Ал ғұрыптық нысандар мен археологиялық материалдар олардың дүниені қалай қабылдағанын, билікті қалай түсінгенін және қоғамдағы тәртіпті қалай сақтауға тырысқанын зерделеуге жол ашады.

Кешеннің сәулетін басқа көне түркі ескерткіштерімен салыстыру арқылы оның түркі әлеміндегі орнын анықтау да маңызды. Мұндай зерттеулер ерте орта ғасырлардағы Орталық Азияда өткен этномәдени және этносаяси үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Шалкөденің құпиясын бір ғана археологиялық маусымда толық ашу мүмкін емес. Сондықтан кешендегі зерттеулерді ондаған жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр. Археологтар үшін басты сұрақ – Шәлкөде кешенін кім салдырды және мұнда нақты қандай рәсімдер атқарылды? Бұл сұрақтардың жауабы әлі алда. Бірақ бір нәрсе анық: Шалкөде – Қазақстанның көне түркі тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін аса маңызды археологиялық нысандардың бірі.

Амангелді ЕСБАЙ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Райымбек ауданы