Перейти к содержимому

Кітаптың сөнбес сәулесі

44 қаралым

«Кітап – жансыз, бірақ шынайы дос»,– дейді Виктор Гюго. Шын мәнінде, жансыз деп жүргенімізбен, адам жанының ең нәзік иірімдерін үнсіз түсінетін, қуанышыңа ортақтасып, қайғыңды бөлісетін кітаптан жақын серік бар ма екен? Парақтарын өзіңнің болмысыңды тауып, бір ауыз сөзінен жүрегіңе медеу болар жұбаныш іздейтін сәттер болады. Жалғыздықта жаныңнан табылып, жабырқаған көңіліңе сәуле түсіретін де – сол кітап.

Адам баласының рухани даму жолына көз жүгіртсек, кітаптың тарихы адамзаттың өз тарихымен сабақтасып жатқанын аңғарамыз. Көркем әдебиет – адамның ішкі әлемін сөзбен сөйлеткен, сезімді санаға, ойды өрнекке айналдырған ғажайып өнер. Айтуға тіл жетпейтінді ақ қағазға аманаттап, жүректің сырын бүкпесіз жеткізудің ең бір қуатты құралы да – кітап.

Жазушының сиясы кейде жауға аттанған жауынгердің қаруындай қуатты. Алғашқысы – елін қорғаса, кейінгісі – адамзаттың ойын, арманын, мұңын қорғайды. Таңды таңға жалғап сырласқан қос ғашықтың тебіренісі уақыт өте келе «ғашықтық жырына» айналды. Елі үшін еңіреген ерлердің ерлігі «батырлар жыры» болып ұрпақтан ұрпаққа жетті. Адамның арманын, қоғамның шындығын, өмірдің сан қилы иірімдерін суреттеген шығармалар дүниеге келді. Осылайша сөз өнері заманмен бірге түрленіп, мазмұны тереңдеп, адам тағдырымен біте қайнасты.

Енді бүгінгі күнге оралайық. Заман қарыштап дамып, ақпарат саусақ ұшымен ғана қолжетімді болған заманда кітаптың қадірі кеміп бара жатқан жоқ па? Жарық жылдамдығымен өзгерген дүниеге лезде бейімделетін ХХІ ғасыр жастарының кітапқа көзқарасы қандай? Мұқабалы мәңгілік байлық туралы сөз қозғамас бұрын, кітаптың бүгінгі мекені – кітапханаларға көз жүгірткен жөн. Кітапхана – жай ғана кітап сақтайтын орын емес, оқырман мен руханиятты жалғайтын алтын көпір.

Осы ретте жыл сайын республика көлемінде өтетін кітап фестивалінің орны бөлек. Биыл айтулы шара өзінің мерейлі бес жылдығын атап өтті. Фестивальдің басты ерекшелігі – елдің әр өңірінде бір мезетте мыңдаған мазмұнды іс-шараның ұйымдастырылуы. Бір ғана күннің өзінде Алматы облысына қарасты кітапханалар жүздеген ауқымды іс-шаралар өткізді. Бұл – кітаптың бүгінгі қоғамдағы орнын айқындайтын, оқырманның әлі де бар екенін көрсететін көңілге қуат берер көрсеткіш.

Шара аясында кітаптан жасалған заманауи аймақтар көпшілік назарына ұсынылып, сиясы кеуіп үлгермеген жаңа шығармалардың таныстырылымдары өтті. Зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, жас қаламгерлер мен танымал авторлардың басын қосқан әдеби-сазды кештер оқырманға ерекше көңіл-күй сыйлады. Кітаптың тек сөреде шаң басып тұрмағанын, керісінше, заманмен бірге тыныстап, жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанын осындай шаралардан анық аңғаруға болады.

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы да айтулы күнді мазмұнды әдеби-сазды кешпен қорытындылады. Кеш шымылдығы кітаптың алғашқы бейнесінен бүгінгі келбетіне дейінгі дамуын көрсеткен бейнероликпен түрілді. Ақын жүрегінің түкпірінде жатқан сырды ақтарған поэзия үлгілері мен прозалық үзінділер көрерменді терең ойға жетелеп, көңілге түрлі сезім ұялатты.

Кештің қадірлі қонағы, көрнекті жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрдәулет Ақыш жас оқырмандардың кітапқа деген көзқарасы жөнінде ой бөлісті. Қаламгердің пікірінше, көгілдір экран мен қалта телефонына деген қызығушылықтың артуы әдеби шығармалардың оқылуына кері әсер етуі мүмкін. Дегенмен, жазушының: «Оқырман барда әдебиет бар, әдебиет барда оқырманның ойы толық болады»,– деген сөзі көңілге үміт ұялатады.

Расында, қаламгердің әр сөзі ойға себілген дән секілді. Оның қашан көктеп, қай тұстан тамыр жайып, адам санасында қандай жеміс беретінін ешкім алдын ала болжай алмайды. Кейде жылдар бұрын оқылған бір кітаптың бір ауыз сөзі арада уақыт өткенде санаңнан қайта жаңғырып, өміріңнің белгілі бір сәтінде жол көрсетіп жатады.

Ізін ала сөз кезегі айтыскер ақын, ұстаз Даубай Мамытұлына тиді. Айтыс өнеріне тән турашылдық пен бүкпесіз талдау кештің мазмұнын одан әрі тереңдете түсті. Ақын бала күніндегі естеліктерін айтып, кітаптың адам болып қалыптасу жолындағы әсерін, тұлға тәрбиесіндегі орнын тебіреніспен жеткізді.

Кеш барысында айтылған әрбір пікір кітаптың өткеннің мұрасы болып қалмай, бүгін мен ертеңнің де рухани тірегі бола алатынын аңғартты. Заман өзгеруі мүмкін. Бірақ адамның жан дүниесіндегі іздеу, сезіну, түсінуге ұмтылу сынды қасиеттер өзгермейді. Адам әр дәуірде өзін, өмірді, айналасындағы әлемді түсінуге талпынады. Ал сол сауалдарға жауап іздегенде қараңғыда жол сілтеп, қиналғанда үнсіз ғана жанынан табылатын асыл дос – кітап.

Кітаптың қадірі оның қанша данамен жарық көргенімен немесе кітапхана сөресінде қанша жыл тұрғанымен өлшенбейді. Оның шынайы бағасы адамның жүрегінен қаншалықты орын алғанында. Бір ғана шығарма дүниеге деген көзқарасыңды өзгертуі мүмкін. Бір ғана сөйлем өміріңе бағыт сілтеуі мүмкін. Кітап оқу – жай ғана уақыт өткізу емес, өзіңді танудың, ойыңды тәрбиелеудің, рухыңды байытудың жолы.

Бүгін кітаптың орнын көгілдір қорап пен қалта ұялылары басып бара жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда технология адамның уақытын үнемдеп, ақпаратты әп-сәтте ұсынғанымен, оның жан дүниесіне дайын жауап бере алмайды. Кітап болса, адамға дайын шешім ұсынбайды. Керісінше, ойлануға, сезінуге, салыстыруға, күмәндануға және өз жауабын табуға үйретеді. Оның ең үлкен құдіреті де осында.

Бір кездері адамзаттың ойын қойнына бүккен қарапайым кітап бүгін де өз сәулесін жоғалтқан жоқ. Оның сәулесі – парақтарынан түскен жарық қана емес. Ол – ғасырлардан ғасырларға көшкен ойдың, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухтың сәулесі.

Кітаптың сөнбес сәулесі – адамзаттың жадында қалған сөздің, жүректе сақталған сезімнің, ұрпаққа аманат болған рухтың сәулесі. Оны өшірмей, келер буынға жеткізу – бүгінгі оқырманның ғана емес, қаламгердің, кітапхананың һәм тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Өйткені оқырман барда кітаптың ғұмыры жалғасады. Ал кітап бар жерде адамның ойы тереңдеп, сөзі салмақтанып, рухы биіктей бермек.

Аяжан РАМАЗАНОВА,

Алматы облыстық орталық

кітапханасының қызметкері